Accessibility links

Алматыда СССР туын жұлып тастаған белсендіге "ұсақ бұзақылық" бойынша айып тағылды


Белсенді Жанболат Шәйзада
Белсенді Жанболат Шәйзада

Алматыда 9 мамырда Совет одағының туын көтерген топпен шекісіп қалған белсенді Жанболат Шәйзада ұсталды. Оның үстінен “ұсақ бұзақылық” бабы бойынша іс қозғалған.

Белсенді өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол балағат сөз айтқаным рас, бірақ ешқандай тәртіп бұзбадым дейді.

“[9 мамырда] Кешкісін маған Алатау ауданының полиция басқармасынан хабарласып, Алматы аренаның жанындағы полиция бөлімшесіне барып түсініктеме жаз деді. Сағат он кезінде түсініктеме жаздым. Мені сол жерде жібермей, түнімен ұстады. Таңнан бері онлайн сот болады деп күтіп отырмыз” деді белсенді Азаттыққа.

9 мамырда әлеуметтік желіде ер адамның Алматы көшесінде көлікке ілінген Совет одағының туын жұлып алып, көліктегі адамдармен сөзге келіп қалғаны бейнеленген видео тараған.

Жанболат Шәйзаданың айтуынша, оқиға 9 мамырда күндіз болған. Ол СССР-дың туын желбіретіп жүруді "арандату" әрекеті деп санайтынын жеткізді.

Полицияға кімнің арыз түсіргені белгісіз. Құқық қорғау орган өкілдері Азаттыққа түсініктеме беруден бас тартты. Туды ұстағандарға не болғаны, олардың кім екені белгісіз.

Советтік империя тұсында миллиондаған халқы ашаршылық пен қуғын-сүргіннен қырылған Қазақстанда СССР символикаларын отарлаушылық, құлдық санамен байланыстыратындар бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG