Accessibility links

Азаматтық алғысы келген қандасты уайымға салған апостиль


Қытай берген құжатты растату талабы қандастарды әбігерге салды
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:29 0:00

Қытай берген құжатты растату талабы қандастарды әбігерге салды

Қытайдан атамекенге көшіп келген қандастар Қазақстан азаматтығын алуға апостиль туралы талап бөгет болып отыр деп шағынады. Қытайға апостиль алуға барайын десе, ол жақ жібермей қоя ма деп жасқанады. Белсенділер болса қандастар мәселесін шешу Қазақстан билігінің өз қолында дейді.

"ҚЫТАЙДАН АПОСТИЛЬ ӘКЕЛ"

Айдар Меңмұрат 2023 жылы қараша айында Қытайдың Шыңжаң аймағындағы Іле Қазақ автономиялық облысына қарасты Текес ауданынан Қазақстанға көшіп келген. Қолында қандас куәлігі бар ол қазір 22, 20 және 18 жастағы үш баласы және әйелімен бірге Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қорам ауылында тұрып жатыр. Қазақстан азаматтығын алуға тілек білдірген олардан жергілікті билік Қытайдан апостиль әкелуін талап еткен. Айдар балаларының туу туралы куәлігі мен әйелі екеуінің неке куәлігін растата алмай әуре-сарсаңға түскенін айтады.

– Ықтиярхат алмадық, бірден азаматтыққа құжат өткізгенбіз. Бірақ "мыналарға апостиль бастырып әкел" деп құжаттарымды кері қайтарды. Үлкен ұлым Тілеуберді Текеске барған еді. Ол жақ "сендер тұрақты тіркеулеріңді өшіріп, көшіп кеткенсіңдер. Компьютерде (базада) жоқсыңдар" деп көшкенімізді растайтын таңба ғана басып беріпті, – дейді Айдар.

Айдар Шыңжаңда тұрған кезде тауда мал баққанын, балалары дүниеге келгенде туу туралы куәлікті дер кезінде алуға мүмкіндігі болмағанын айтады. Тек жергілікті әкімдікке белгілетіп, үлкен екі баласы кәмелет жасына толған кезде жеке куәлік алыпты. Атамекенге келген соң Қазақстан билігі одан "екі балаңның туу туралы куәлігін Қытайдан алып кел" деп талап еткен.

– Тілеуберді сол үшін Текеске барды ғой. Ол жақ "тұрақты тіркеу өшіп кеткеннен кейін сендер туралы ешқандай мәлімет жоқ. Сондықтан қайтадан туу туралы куәлік алу үшін ата-анаң осында келіп, қан тапсыруы керек" депті. Бірақ қайта барсақ, одан кейін Қазақстанға келе аламыз ба, жоқ па, білмеймін, – дейді Айдар.

Апостиль деген не?

1961 жылғы Гаага конвенциясына сәйкес, басқа бір мемлекеттің аумағында пайдалануға арналған, белгілі бір мемлекеттің өкілетті органдары берген құжаттарда арнайы мөр – апостиль қойылады. Конвенцияға сәйкес, апостиль қойылған құжат ешқандай растауды немесе заңдастыруды талап етпейдi және ол құжат конвенцияға қосылған елдердің барлығында кедергісіз қолданылады. Конвенция шарттары бойынша, мүше елдерден келген азаматтардың барлығынан апостиль талап етіледі. Қазақстан Гаага конвенциясына 1999 жылдың аяғында қосылып, тиісті заң ережелері ел аумағында 2001 жылдың қаңтарынан күшіне енген.

Былтыр қарашада Қытай Гаага конвенциясына қосылғаннан кейін Қазақстанға көшіп келген Қытай азаматтарының құжаттарын реттеу тәртібі өзгерген. Кейінгі дерек бойынша, қазір Қазақстанда қандас мәртебесін алған 16 мыңнан аса адам бар (заңға сәйкес, қандас мәртебесіне ие адам Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіп бойынша алуға құқылы). Оның 3 мыңнан астамы Қытайдан келген.

Қазақстан азаматтық алғысы келген қандастардан апостиль талап етеді. Үкімет Гаага конвенциясына қосылған елдерге қойылатын талап пен тәртіп ортақ, оны орындау керек дейді. Апостиль қойдыру үшін қандастарға қайтадан Қытайға баруға тура келеді.

"ҚАЙТА БАРСАМ ЖІБЕРМЕЙ ҚОЯ МА ДЕП ҚОРҚАМ"

Шыңжаңда туып-өскен 37 жастағы Кенжеәлі Дүйсен әйелімен және кәмелетке толмаған баласымен бірге 2023 жылдың қарашасында Қазақстанға үш айға қыдырып келіп, кейін атамекенде қалып қойған.

– Мұнда келгеннен кейін қандас куәлігін алдым. Баламды осындағы мектепке бердім. Енді Қазақстан азаматтығын алуға құжат тапсырайын десем, апостиль сұрайды, – дейді қазір отбасымен бірге Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ақтоған ауылында тұрып жатқан Кенжеәлі Дүйсен.

Ол апостиль алдыру үшін әйелі екеуінің неке туралы куәлігінің көшірмесін электрон поштамен Пекинге жібергенін, бірақ одан еш нәтиже шықпағанын айтты.

– Апостильді онлайн алайын десем, мен жіберген құжат көшірмесіндегі таңба мен қойылған қол анық емес деп кері қайтарды. Өзім барайын десем, қайтадан жібермей қоя ма деп қорқып отырмын. Өйткені ол жақтан Қазақстанға біржола көшіп емес, туысшылап келдім ғой. Тіпті өтірік айттың деп ұстап алуы да мүмкін, – дейді Кенжеәлі.

"Нағыз Атажұрт" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлы мұндай қауіпке негіз барын айтады.

"Нағыз Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлы
"Нағыз Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлы

– Ең үлкен қауіп мынау – Қытайдан Қазақстанға келіп орналасып, бірақ әлі азаматтық алмаған қандастарымыз егер сол апостиль алуға қайтадан Қытайға баратын болса, Қытай түрлі сылтау, түрлі жаламен оларды жібермей ұстап қалуы мүмкін. Тіпті оларды лагерь я түрмеге тоғытуы мүмкін, Қазақстан билігі Қытайдан келген қандастарға апостиль талабы туралы айтқанда осыны да ескеру керек, – дейді ол.

2017 жылдан бері Қытайдың Шыңжаң өлкесінде миллиондаған түркітілдес мұсылман қысым көріп, мыңдаған адам түрлі айыппен сотталғаны белгілі. Экстремизм, терроризм айыптарымен түрмеге қамалған не "қайта тәрбиелеу лагеріне" жіберілгендер арасында ұлты қазақ Қытай азаматтары да, Қазақстаннан Қытайға сапарлап барғанда түрлі айыппен ұсталған қандастар да болды.

Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Шыңжаңда ислам дінін ұстанатын түркітілдес ұлт өкілдерінің құқын өрескел бұзатын саясат жүргізіп отырған Қытай билігін сынаған. Олар Қытайдың Шыңжаң халқын сотсыз қамауға алуын, азаптауын, әйелдерге күштеп стерилизация жасауын, адамдарды еркінен тыс жұмысқа жегуін геноцид әрі адамзатқа қарсы қылмыс деп атаған.

Ресми Пекин ол айыптауларды жоққа шығарып, Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" деп, ал лагерьлерді "кәсіпке баулитын орталықтар" деп сипаттаған.

"ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙҒА ҮМІТ АРТЫП ЕДІМ"

Қытайдан келген қандастардың құқын қорғаумен айналысып жүрген белсенді Ауыт Мұқибек апостиль мәселесін шешуді сұрап министрлікке, тіпті президентке дейін хат жазыпты.

Мұқибек "апостиль Шыңжаң қазақтарының атамекенге көшін пышақпен кескендей тыйды" деп есептейді.

Белсенді Ауыт Мұқибек
Белсенді Ауыт Мұқибек

– Әуелі Қазақстан ішкі істер министрлігіне хат жаздым. Олар "бұл мәселені Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып шешеміз" деп сырғытпа жауаппен шығарып салды. Одан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіне хат жаздым. Оның аппаратынан "президент бұл мәселеден хабардар" деген жауап келді. Осы жолғы Ұлттық құрылтайда қозғалар деп үміттенген едік. Бірақ билік аузына да алмады, – деп қынжылыс білдірді Ауыт Мұқибек.

Ол Қытай үкіметі кейінгі он жылда Шыңжаңдағы қазақ мектептерін түгел жапқанын, 20 жасқа дейінгі қазақ жастары ана тілінен ажырап қалғанын айтып, "президент өзі араласып бұл мәселені шешпесе, енді он жылдан кейін ондағы (Шыңжаңдағы) қазақтар ана тілінен мүлде мақұрым қалады" дейді.

Апостиль мәселесі Қытайдан Қазақстанға қоныс аударғандарға қиындық тудырып отырғанын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы филиалының өкілі Омарәлі Әділбек те растайды.

– Қытай Гаага конвенциясына қосылмай тұрған кезде неке туралы куәлік, диплом секілді құжаттарға екі жерден растап таңба бастыратын. Ондай құжатқа Пекиндегі Қазақстанның консулдық басқармасы бір таңба, содан кейін Қытайдың сыртқы істер министрлігіне қарасты консулдық басқарма тағы бір таңба басатын. Солайша ол құжаттың түпнұсқа екенін дәлелдейтін. Себебі, 2010 жылға дейін базаға енген құжаттардың барлығын ешқандай растаусыз қабылдап келдік. Алайда кейінірек жалған құжат көбейіп кетті. Соның кесірінен кейінгі бірнеше жылда барлық құжатты осылай екі жерден растату арқылы ғана қабылдап жүрген еді, – дейді Омарәлі Әділбек.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы филиалының өкілі Омарәлі Әділбек
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы филиалының өкілі Омарәлі Әділбек

Оның айтуынша, Қытай Гаага конвенциясына қосылғанға дейін Қазақстанға көшіп келіп алған қандастар да қиын жағдайда қалып отыр. Себебі, Қазақстанға қоныс аударғандар Шыңжаңдағы тұрақты тіркеуін өшірген кезде олар туралы барлық мәлімет базадан бірден жойылып кетеді.

– Осында келіп алғаннан кейін қандас куәлігін алу үшін де құжат жинап екі-үш ай жүріп қалады. Тіпті Қытай Гаага конвенциясына қол қойғанға дейін Қазақстан азаматтығына құжат өткізіп қойғандардан да апостиль талап етіп жатқан жағдай бар. Сондықтан Қытайдағы мал-мүлкін сатып, түбегейлі көшіп келгендерден апостиль талап етпей-ақ, құзырлы органдар басқа бір жолын тапса дұрыс болар еді, – дейді Омарәлі Әділбек.

Азаттық радиосы Қазақстан сыртқы істер министрлігіне "Қазақстанға көшіп келіп алған, алайда апостиль ала алмай жүрген Шыңжаң қазақтарының мәселесін Қытай сыртқы істер министрлігімен келісіп, ортақ бір шешім қабылдау мүмкіндігі қарастырыла ма?" деген сауал жолдады. Сыртқы істер министрлігі жіберген жазбаша жауапта "Гаага конвенциясы мен оған қосылған елдерге қойылатын талаптар және апостиль бастырған құжаттардың өзге елдерде пайдалану мүмкіндігі" туралы ғана айтылған.

"2023 жылғы 7 қарашадан кейін Қытайда берілген құжаттарды Қазақстан Республикасында одан әрі пайдалану үшін сол құжаттарға Қытай Халық Республикасы уәкілетті органынан апостиль қою керектігіне назар аударамыз. Қытай аумағында берілген құжаттарға апостиль қою тәртібі мен талаптары туралы толығырақ ақпарат алу үшін олардың уәкілетті органдарына жүгінген жөн" деп жауап берді Қазақстан СІМ Азаттық сауалына.

Бұл мәселе бойынша Қытайдың Қазақстандағы консулдығына да хабарластық. Консулдық қызметкері Азаттықтан телефон соғып тұрғанымызды естісімен тұтқаны тастай салды.

Ресми дерек бойынша, 1991 жылдан бері Қазақстанға өзге елдерден 1 миллионнан аса қазақ қоныс аударған. Биыл қаңтар айында шетелден көшіп келген 1300 адам қандас мәртебесін алған. Оның тең жартысы Қытайдан келсе, 29 пайызы – Өзбекстаннан, қалғаны – Моңғолия, Түркіменстан мен Ресейден атамекенге көшкен қазақтар.

Азаттық архивінен: Қазақстан "қандас куәлігін" беру шартын неге қиындатты? (26 қыркүйек 2023 жыл)

Қазақстан "қандас куәлігін" беру шартын неге қиындатты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:12 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG