Accessibility links

Мәжіліс депутаты А.Тшанның марқұм А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысты парламентте жабық тыңдау өткізу туралы ұсынысына әріптестерінің көпшілігі қарсы болды


Қазақстан Парламенті қоғам қайраткері марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өлтірілгенінен бір айдан кейін барып құқық қорғау орындарынан қанды оқиғаның ақ-қарасын ашып, қоғамға жеткізуді талап етіп отыр. Бірақ онда да бірен-саран депутаттың жоғарыдағы үндерін көптің дауысы шешіп, қолдамай тастады. Қолдамағандардың пікіріне салсақ, дүрлігіп отырған халықты одан сайын абыржытудың қажеті жоқ. Ал осыдан бірер апта бұрын Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовтің өліміне ашық тергеу жұмысын жүргізуді сұрап президентке хат жазған Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахмановтың атына Бас прокуратурадан шақырту келген.

Ақпан айының соңында Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаммеджановтың Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өліміне қатысты ресми мәлімдемесінен кейін, сап тиылған ресми тараптың тыныштығын Мәжіліс депутаты Амалбек Тшан бұзды. Ол сәрсенбі күні өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына құқық қорғау орындарының өкілдерін шақырып, соңғы қанды оқиғаға қатысты депутаттарға түсінік беруін сұрады. Амалбек Тшанды осы уақытқа дейін Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне тапсырыс беруші деп күдікпен ұсталған Сенат аппаратының басшысы болған Ержан Өтембаевтың адвокатының және оның туған-туыстарының үнсіз жатқаны таңқалдырады.

- Біздің тергеу жұмыстарының құпиясына ешқандай шаруамыз жоқ. Бірақ біз жабық мәжіліс жасап, оған құқық қорғау орындарының басшылары келіп, бүгінге дейін болып жатқан жай туралы хабарлама беруі қажет, – дейді Амалбек Тшан.

Мәжіліс депутаты Амалбек Тшан Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімінен үш ай бұрын өзінің үйінде қаза тапқан Заманбек Нұрқаділовке қатысты тергеу жұмыстарының өзін-өзі өлтірді деген қорытындысына халық келіспей, депутаттар мәселе көтергенде Алтынбек Сәрсенбайұлыны өлтірмес еді дейді.

– Белгілі азамат - марқұм Заманбек Қалабайұлы «өзін-өзі өлтірмегенде» онда Алтынбек Сәрсенбайұлының да өлімі болмаған болар еді. Екі өлімді ұйымдастырғандар жазаланбайынша, бұл мәселенің тоқтауы мүмкін емес. Ал егер бұл әрі қарай жалғасын табатын болса, онда біздің бүкіл халықтың көтеріліп, үлкен дүрлігуге әкелетініне ешқандай күмән жоқ, – дейді Амалбек Тшанов.

Алайда Амалбек Тшанның жоғарыдағы көтерген мәселесі сөз жүзінде ғана қалып қойды. Әріптестерінің көпшілігі оны қолдаған жоқ. Мәселен, Сатыбалды Ибрагимовтың сөздеріне сүйенсек, Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі жайында сөз көтеріп дүрліккен халықты одан сайын абыржытып алады екенбіз.

Ал Мәжіліс депутаты Владимир Нехорошов болса «Парламент тергеу жұмыстарының ісіне араласатын мекеме емес. Тергеу жұмыстары мен сот шешімін күту керек. Оның үстіне АҚШ-тың арнайы Федералды барлау қызметінің адамдары келіп араласуда. Ауыр қылмыстың атынан өзіне ұпай жинаудың қажеті жоқ» деді, Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты ішкі істер министрі мен Бас прокурорды Парламентке шақырып отырған әріптестеріне қаратып. Дегенмен Парламент Мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы соңғы қанды оқиғаға қатысты Парламент мінберінде сөз болмағанымен, қоғам арасында сөз болып жатқанын айтып, ең болмаса қауіпсіздік қызметкерлерін шақырып, парламенттік тыңдау өткізейік деп өтініш білдірді:

- Біздің Парламенттің басқа елдердегідей тергеуге құқымыз жоқ. Біздің парламенттік тыңдауға ғана құқымыз бар. Сондықтан еліміздегі қауіпсіздіктің бір қыры осындай жағдайлардың болуына не себеп болды? Оның себебін анықтау үшін топ құрып, осы жұмысқа кірісейік.

Алайда, төтенше жағдай мен тапсырысты өлімді теңестіріп отырған Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев әріптестеріне «осыдан бір жыл бұрын Шахтинскіде 35 шахтер опат болған кезде неге осылай көтерілмедік? Неге парламенттік тыңдау өткізбедік?» деп, заң қорғау қызметкерлерін Парламентке шақырып даурығудың қажеті жоқ деген пікірін айтты.

Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өлімі жайында ақиқатты білгісі келген депутаттарға мәжіліске қатысып отырған 63 депутаттың 35-і осылайша қарсылық білдірді.

Ал осыдан бірер апта бұрын Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаммеджановтың ресми мәлімдемесіне келіспейтіндігін айтып, президентке ашық хат жазған Серік Әбдірахманов бас прокуратурадан шақырту қағаз алыпты.

– Маған бас прокурордың көмекшісі келіп, шақырту қағазын берді. Президентке жазған хатыңыздағы айтылған мәселелерге дәлел келтіріңіз дейді. Егер келмесеңіз, біз сізді әкімшілік жауапкершілікке тартамыз дейді, – деді Серік Әбдірахманов.

Оған, сонымен бірге, президентке жазған хатынан кейін көп ұзамай Мемлекет басшысының өзі тікелей шығып, хабарласқан:

– Елбасы маған телефон шалды. Мен дәлелдеріммен сөздерімді нақтылауға даяр екенімді айттым. Ол үшін арнайы құзырет беріңіз дедім. Өкінішке қарай, әлі ешқандай жауап жоқ, – деді Серік Әбдірахманов.

Серік Әбдірахманов «Мен осыған дейін президентті саяси лидер ретінде қолдап, артынан ілесіп келе жатырмын. Бәріне мақұлмын. Бірақ, кейбір мәселеде мен өз пікірімде қаламын. Ал бұл мәселеде президентпен келіспеймін» деді.

Ал өзінің ұсынысы депутаттар арасында қолдау таппаған Амалбек Тшан «Енді мен қылмыс толық ашылады дегенге сенбеймін» дейді.
XS
SM
MD
LG