Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік күні - 16 желтоқсан қарсаңында біраз азаматқа мемлекеттік атақтар мен наградалар тапсырды.
Ол азаматтардың барлығы "өз ұжымдарында үлкен құрметке ие болып, кәсіби шеберліктерімен талассыз беделге ие болғандар" екенін айтқан президент Назарбаев жиырма шақты адамды мемлекеттік сыйлықпен марапаттады.
Орден алғандар арасында мемлекеттік лауазым иелері мен бизнесмендер де болды. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев "Отан" орденімен, "Спорттық жекпе-жек және спорттың күш қолдану түрлері конфедерациясының" төрағасы, Қазақстан президентінің күйеу баласы әрі бизнесмен Тимур Құлыбаев 1-дәрежелі "Барыс" орденімен, Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев 2-дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев және басқалар "Парасат" орденін алған.