Сәуірдің 13-і күні Астанадағы №2 Сарыарқа аудандық соты «Антигептил» қозғалысының белсендісі Сәкен Байкеновке қатысты шешім шығарды. 2014 жылдың шілдесінен 2015 жылдың ақпаны аралығында Facebook әлеуметтік желісінде «әлеуметтік араздықты қоздырды» деп айыпталған Сәкен Байкенов сот отырысында өзінің кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініш білдіретінін айтқан.
Сот шешімін оқыған судья Мәлік Каудинов Сәкен Байкеновке екі жылға шектеу жазасын берілетінін жариялады. «Антигептил» белсендісі енді шектеу жазасы біткенше соттың рұқсатынсыз қаладан шықпайды.Сондай-ақ, түнгі клубтарға бара алмайды.
Адвокат Бауыржан Азановтың Азаттықтың тілшісіне айтуынша, Сакен Байкеновке тағылған айып бойынша, ол жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін болған. Бірақ, сот ең төменгі жазаны белгілеген.
Сот залынан босап шыққан белсенді тілшілермен тілдесуге ниет білдірмей, сот ғимаратынан тездетіп кетіп қалды.
С.Байкеновты "ҰҚК қызметкерлері 7 наурызда күндізгі сағат 11 шамасында Алматыдағы жалдап тұрып жатқан пәтері алдынан ұстап әкеткенін" әйелі Қарлығаш Мырзаділова бұған дейін Азаттыққа айтқан болатын. 9 наурызда Астананың Сарыарқа ауданы №2 соты Сәкен Байкеновті екі ай мерзімге қамау туралы бұлтартпау шарасын санкциялады. Оның үстінен «әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Астана қалалық сотының баспасөз қызметі өкілінің айтуынша, «Сәкен Байкенов Facebook әлеуметтік желісіне адамдардың ар-намысына тиетін өз пікірін жариялаған».
Сәкен Байкенов «Антигептил» қозғалысының белсендісі ретінде наразылық акцияларына қатысқаны үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.