Accessibility links

Әділхан Ержановтың фильмі NETPAC жүлдесін алды


Қазақ режиссері Әділхан Ержанов.
Қазақ режиссері Әділхан Ержанов.

Қазақ режиссері Әділхан Ержановтың «Қаратас ауылындағы оба» туындысы Роттердам халықаралық кинофестивалінде «Азиялық үздік фильмге» берілетін NETPAC жүлдесіне ие болды деп хабарлады Tengrinews сайты.

Сюрреалистік ағымдағы фильмде шалғайдағы оба жайлаған ауылға жаңадан тағайындалған жас әкім ондағы өмірді өзгертуге тырысады. Картинада обаны «жай тұмау» деп жасыруға тырысқан жергілікті шенеуніктер, қоғамды іріп-шіруге жеткізген коррупция және басқа келеңсіздіктер бас кейіпкерді де шырмауына алғаны суреттеледі.

Бұған дейін британдық The Calvert Journal басылымына берген сұхбатында 33 жастағы Әділхан Ержанов шығармасы арқылы қазіргі қоғамның «мағынасыз өрескелдігін» ашып көрсеткісі келгенін айтқан. «Әлеуметтің барлық деңгейінде сыбайлас жемқорлық пен ұрлық тәрізді көзге ұрып тұрған дүниелер бар, бірақ ол туралы ресми түрде айтылмайды» деген режиссер.

Қазақстандық баспасөздің хабарлауынша, «Қаратас ауылындағы оба» фильмінің бюджеті алты мың АҚШ долларын құрайды.

2015 жылы Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қазақстанды масқаралайтын» фильмдер қатарында өзеге шығармалармен бірге Әділхан Ержанов түсірген «Үкілі кәмшат», «Риэлтор» фильмдерін атаған еді.

XS
SM
MD
LG