Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы Ресей президенті Владимир Путиннің серіктерінің офшорлық есеп-шоттарға жасырын түрде қаржы аударатын жолын тапты. "Панама құжаттары" деп аталатын жаңа есепте жалпы көлемі екі миллиард доллардан асатын қаржы офшорлық есеп-шоттарға кеткені айтылады.
Есепті бірқатар ұйымдар бірнеше тілге аударды. Есеп панамалық заң компаниясының жарияланып кеткен құжаттарына негізделген және әлем бойынша күдікті қаржы айналымына бақылау жасауды көздейді. Жарияланған мәліметтер Кремльмен байланысты адамдарға ғана емес, Исландия мен Пәкістан премьер-министрлері, Әзербайжан президентінің, Сауд Арабиясы королінің балалары мен басқа көптеген адамдарға қатысты.
Есеп бойынша, Путиннің біраздан бергі серігі, Санкт-Петербургтен шыққан виолончелист Сергей Ролдугин Путиннің өзге бір серігі, бизнесмен Юрий Ковальчукпен байланысы арқасында 100 миллион доллар байлыққа ие болған. Ковальчук пен ол бақылайтын Ресей банкі АҚШ санкция салған азаматтар мен ұйымдар тізіміне кіреді.