Ауғанстан билігі "Талибан" содырлары Кабулде елдің қауіпсіздік қызметінің кеңсесіне шабуылдап, кем дегенде 20 адам қаза тапқанын хабарлады. Шабуылдан 300-ге тарта адам жараланған.
Ішкі істер министрлігінің өкілі Седик Седики 19 сәуірде таңертеңгі қарбалас кезде жанкешті бомба жасырылған көлікті жарып, одан соң қарулы содырлармен атыс басталғанын хабарлады. Шабуыл үкімет мүшелерін қорғайтын ұлттық қауіпсіздік басқармасының кеңсесіне жасалған. Қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар мен ауған қауіпсіздік күштерінің сарбаздары да бар.
Шабуылға жауапкершілікті "Талибан" қозғалысы мойнына алды. Қозғалыс өткен аптада "көктемгі шабуылын" бастайтынын мәлімдеген.
Ауғанстан президенті әкімшілігі террорлық шабуылды айыптап, теракт "ауған қауіпсіздік күштерінің терроризмге қарсы күресу ниеті мен ерік-жігерін мұқалта алмайтынын" мәлімдеді.