Атырау қаласы әкімдігі белсенділерге 24 сәуірде қаланың орталық Исатай-Махамбет алаңында жер сатуға наразылық митингісін өткізуге рұқсат бермеді. Бұл туралы митингті ұйымдастырушы азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян Facebook-тегі парақшаларында хабарлады. Олар митинг өткізудегі басты мақсат Қазақстан Республикасының жер кодексіндегі кемшіліктер мен қарама қайшылықтарды түбегейлі жою үшін халықтың қолдауына жүгіну деп санайды.
Атырау қаласының әкімі Нұрлан Ожаевтың қолы қойылған қаулыда «Исатай - Махамбет алаңы митинг өткізетін орын болып саналмайтындықтан» митингке рұқсат етуден бас тартылатыны жазылған. Қаулыда Атырау қалалық ішкі істер басқармасына алаңда митинг өтпеуін бақылау тапсырылған.
Өткен аптада ауыл шаруашылық министрлігі Асылжан Мамытбеков «ауыл шаруашылығы жерлерінің шетелдіктерге сатылмайтыны» туралы Астанада журналистермен өткен брифингте мәлімдеген. Бірақ Макс Боқаевтың айтуынша, жер кодексінде ауыл шаруашылығы жерлерінің шетелдіктерге сатылмайтыны бұрыннан белгілі.
- Біз ауыл шаруашылығы жерінің сатылмайтынын министр айтпаса да білеміз. Бірақ бізді басқа мәселе мазалайды. Негізінде Қазақстанда бос жатқан жер жоқ, оны біреулер иеленіп отыр. Ашкөздікпен алған жерлерін пайдалана алмағандықтан соны жалға бергісі келеді. Біз барлық мәліметті білуге тиіспіз, - дейді Макс Боқаев.
Азаматтық белсенділердің Facebook әлеуметтік желісі арқылы таратқан хабарламаларында «ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін жерді сату мен оны шетелдіктерге жалға беру арқылы шеше алмаймыз. Атадан қалған мұрамызды көлденең көк аттының қорлауына жол бермеуіміз керек!» деп жазған.
Қазақстандағы жерге қатысты халықтың алаңдаушылығы наурыздың соңындағы ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев шілденің 1-інен бастап ауыл шаруашылығы жерлерінің аукцион арқылы сатылатыны туралы мәлімдемесінен соң бел алып отыр.