Атырау қаласында тұрғындарды әлеуметтік желі арқылы «жерді жеке меншікке сатуға» қарсы шеруге шақырған жергілікті азаматтық белсенді Талған Аянға бүгін учаскелік полиция қызметкері тергеуге шақырылғаны туралы қағаз тапсырған.
Атырау облыстық ішкі істер департаменті тергеушісі қол қойған шақырту қағазда Талғат Аянның ертең, 24 сәуірде куәгер ретінде тергеуге жауап беруге шақырылатыны жазылған.
– Менің ойымша, мені алаңға жібермеу үшін жасап отырғандары бұл, - деді Талғат Аян Азаттыққа.
Осының қарсаңында белсенді Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында «24 сәуірде сағат 14:00-де қазақтық қос батыры Исатай мен Махамбет ескерткіштері жанына наразылық акциясына шығатыны» туралы хабарлаған. Сол күні облыстық әкімдік сайтында белсендінің Атыраудың орталық алаңында наразылық акциясын өткізу туралы берген өтініші қанағаттандырылмайтыны туралы хабарлама жарияланған. Сонымен бірге хабарламада рұқсат етілмеген шеруге қатысқаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелетіні жайлы ескерту жазылған.
Қазақстан Жер кодексіне жақында енгізілген өзгерістерге сәйкес, биылғы шілде айынан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді ел азаматтарына аукцион арқылы жеке меншікке сату, сонымен бірге шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға ондай жерді 25 жылға дейін жалға беру басталады. Бұл жаңа өзгеріс әлеуметтік желілерде қызу пікірталасқа ұласқан.