Accessibility links

Алматыда жерді жалға беруге қарсы адамды ұстап әкетті


Алматылық полицейлер (Көрнекі сурет).
Алматылық полицейлер (Көрнекі сурет).

Алматыда бүгін "Астана" алаңында жерді жалға беруге қарсы пикетке шыққан адамды полиция ұстап әкетті.

Азаттық тілшісінің оқиға орнынан хабарлауынша, Саят Жаңғазинов есімді Алматы тұрғыны бір өзі қарсылық акциясына шығып, қолына "Жерді жалға беруге қарсымын!" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған. Бірер минут тұрған наразы адамды полиция ұстап әкетті. Полицейлердің оны қай аудандық полиция бөліміне әкеткені белгісіз.

Азаттық тілшісіне беріп үлгерген қысқа сұхбатында Жаңғазинов жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсы екенін айтып, "жер шетелдіктер пайдаланған соң жарамсыз болып қалады" деген пікірін айтқан.

«Мен өзге мемлекетке 25 жылға Қазақстан территориясын жалға беруге қарсылық білдіріп жатырмын. Жерді жалға берсек, өзге мемлекетпен бірге өндірістері де кіреді. Бұл зиянды. Өзіміз жер ала алмай жүргенімізде өзгені жарылқау қаншалықты дұрыс?» дейді ол.

Қазақстан үкіметі өткен айда жер туралы заңға былтыр күзде енгізілген өзгерістерге сай биыл шілдеден бастап ауыл шаруашылық жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату, сонымен бірге шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 25 жылға дейін мерзімге жалға беру тәртібі күшіне енеді деп хабарлаған.

Жер сату мен шетелдіктерге жерді жалға беру жөніндегі үкімет бастамасына қарсы бұған дейін зиялылардың талап-хаты жарияланып, Астана мен Оралда белсенді азаматтардың жалғыз адамдық пикеттері мен Алматыда шағын жиын өткен. Ал кеше Атырауда жерге қатысты бірнеше мың адам жиналған митинг болған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG