Accessibility links

Ақтөбе мен Семейде жер дауына қатысты митинг болып жатыр


Ақтөбедегі жер дауына байланысты митинг. 27 сәуір 2016 жыл. Сурет Ольга Климонованың Facebookтегі парақшасынан алынды.
Ақтөбедегі жер дауына байланысты митинг. 27 сәуір 2016 жыл. Сурет Ольга Климонованың Facebookтегі парақшасынан алынды.

Ақтөбеде Тұңғыш президент саябағында шамамен ондаған тұрғын жер кодексіндегі өзгерістерге қарсылық танытып жатыр. Бұл туралы Азаттық тілшісіне жиынға қатысып жатқан құқық қорғаушы Ольга Климонова хабарлады. Оның айтуынша, әкімшілік өкілдері халықты сабырға шақырып, келісуге тырысып жатқанымен жиналған жұрт "барған сайын көбейіп, дес бермей жатыр".

- Келген адам қарасы барған сайын көбейіп жатыр. Басында бір ғана адам сөйлеп тұр еді, көптің алдында сөйлегісі келген адамдар көбейіп кетті. Әкімдік өкілдері митингтің қатысушыларына айналды. Халықты тоқтата алмай жатыр, - дейді Ольга Климонова. Жиналғандар арасында ересек адамдар, фермерлер, жастар бар.

Азаттық тілшісі Климоновамен сөйлесіп тұрған кезде тұтқаның арғы жағынан ысқырықтар мен халықтың ұрандап жатқаны естілді.

Ольга Климонованың айтуынша, кеше, яғни сәуірдің 26-сы күні әлеуметтік желіде митинг өтетіні туралы хабарлама болған. Бүгін түскі сағат бірден соң жұрт Тұңғыш президент саябағы төңірегіне жинала бастаған. Әуелі митингке келген адамдарды «саябақты дәрілейміз» деп кіргізбей қойған. Тұрғындар митингті тротуарда өткізе бастағаннан кейін әкімшдік өкілдірі паркке кіруге рұқсат берген.

Семейде де бүгін түстен кейін жер дауына қатысты шамамен ондаған адам жиналған митинг болды. Жиынға қатысқан, аты-жөнін атамауды өтінген тұрғынның Азаттыққа айтуынша, қала әкімі келіп "талаптарыңызды жазбаша жеткізіңіздер, жоғары жаққа жеткіземіз" деген соң тұрғындар хатқа қол қойып берген. Қазір ақырындап тарап жатыр.

Бүгін Семей қалалық прокуратурасы мен әкімдігі рұқсат етілмеген жиын өткізбеу туралы ескерту жасаған.

Қазақстан үкіметі өткен айда жер туралы заңға былтыр күзде енгізілген өзгерістерге сай биыл шілдеден бастап ауыл шаруашылық жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату, сонымен бірге шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 25 жылға дейін мерзімге жалға беру тәртібі күшіне енеді деп хабарлаған.

Жер сату мен шетелдіктерге жерді жалға беру жөніндегі үкімет бастамасына қарсы бұған дейін зиялылардың талап-хаты жарияланып, Астана мен Оралда белсенді азаматтардың жалғыз адамдық пикеттері мен Алматыда шағын жиын өткен. 24 сәуірде Атырауда жерге қатысты бірнеше мың адам жиналған митинг болған. Ал 26 сәуірде Алматының "Астана" алаңында жерді жалға беруге қарсы жалғыз адамдық пикетке шыққан тұрғынды полиция ұстап әкеткен.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG