Accessibility links

Жаңаөзенде «жер сатуға» қарсы тұрғындар алаңға шыққан


Жаңаөзендегі орталық алаңы маңында тұрған полиция көліктері. 1 мамыр 2016 жыл.
Жаңаөзендегі орталық алаңы маңында тұрған полиция көліктері. 1 мамыр 2016 жыл.

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында бүгін таңертеңгі сағат 11 шамасында ондаған адам орталық алаңға жиналып, үкіметтің «жер сату» және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруге қарсылық танытқан. Жергілікті билік өкілдері жиналғандардың талабынан кейін соның алдында алаң маңынан полиция ұстап әкеткен бірнеше адамды босатқан. Бұл туралы Азаттыққа өз есімін Тілектес деп таныстырған Жаңаөзен тұрғыны хабарлады.

– Алаңға жиналғандар «жер сатылмасын, жалға берілмесін» деген талап айтты, қала әкімі мен прокуратура, полиция келді. Әкім «шетелдіктерге жер сатылмайды» деді. Жұрт талап еткен соң, билік таңертең осы жерден ұстап әкеткен бірнеше адамды босатты. Әкім мен прокурор «жиын - заңсыз» деді. Жиналғандар 21 мамырда жиын өткіземіз деген соң, әкім «жазбаша өтініш беріңдер, қарастырамыз» деп айтты, - дейді қала тұрғыны. Оның сөзінше, бейбіт жиын түскі сағат бір шамасында аяқталып, жұрт тарап кеткен. «Бүгін күн мейрам болса да не алаңда, не басқа жерде мерекелік шаралар жоқ» дейді Тілектес.

Жаңаөзен қалалық әкімдігі мен прокуратурасы және ішкі істер басқармасынан бүгінгі оқиға туралы комментарий алу мүмкін болмады.

Бүгін Қызылорда қаласында да «жер сатуға» қарсы акцияға алаңға шыққан адамдарды полиция жасағы таратқаны туралы әлеуметтік желіде хабарлар тарады.

Бұған дейін жер дауына қатысты ой-пікірін айту үшін Маңғыстау облысы орталығы Ақтауда көшеге шыққан ондаған адамды полиция орталық алаңға өткізбек таратып жіберген. Оның алдында жер мәселесіне байланысты билік рұқсат бермеген жиындар Атырау, Ақтөбе және Семей қалаларында өткен.

Қазақстанда Жер кодексіндегі өзгерістерге сай биыл шілденің 1-інен бастап 1 млн. 700 мың гектар жер аукцион арқылы сатылымға шығарылатыны және шетелдіктерге жерді жалға беру мерзімі ұзартылатыны хабарланған. Наразылық акцияларына шыққан адамдар жерді жалға беруге де, сатуға да қарсылық білдіріп, әсіресе ауылшаруашылық жерін шетелдіктерге беруге тыйым салуды талап еткен.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «жер туралы наразылықтардың» артында «арандатушылар» бар деп мәлімдеген. Қазақстан бас прокуратурасы жерге қатысты «жалған ақпарат таратқаны» үшін жауапкершілік жүктелетіні туралы ескерткен.

Жаңаөзендегі "жер сатуға" наразылар жиыны туралы видео:

Жаңаөзенде алаңға жиналғандар "жер сатпауды" айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:58 0:00

XS
SM
MD
LG