Accessibility links

Валовая: ЕАЭО-да ортақ валюта енгізуге қажеттілік жоқ


Татьяна Валовая, Еуразия экономикалық комиссиясының макроэкономика және негізгі интеграциялық бағыттар бойынша министрі.
Татьяна Валовая, Еуразия экономикалық комиссиясының макроэкономика және негізгі интеграциялық бағыттар бойынша министрі.

Еуразия экономикалық комиссиясының макроэкономика және негізгі интеграциялық бағыттар бойынша министрі Татьяна Валовая "қазір Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) территориясында ортақ валюта енгізудің қажеттілігі жоғын" мәлімдеді. Валовая ортақ валюта енгізуге сұраныс та, шарт та жоғын айтқан.

Татьяна Валоваяның сөзінше, ЕАЭО Еуропа Одағының (ЕО) тәжірибесін зерттеп, ЕО ортақ валюта енгізгенде "кейбір шарттарды ескермей, бірқатар қателік жіберген" деген қорытынды жасаған.

Наурыз айында Ресей президенті Владимир Путин Орталық банк пен Ресей үкіметіне ЕАЭО-ға мүше елдердің орталық банктерімен 1 қыркүйекке дейін ЕАЭО-да ортақ ақша шығару мәселесін пысықтауды тапсырған.

Өткен жылдың соңында Қазақстан ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев ЕАЭО-ға кіретін елдер ортақ валюта құру мәселесін талқыламайтынын мәлімдеген. Мұның алдында Қазақстан президентә Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО-ның ортақ валютасын жасау мәселесі "күн тәртібінде тұрмағанын" айтқан.

ЕАЭО 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастаған. Қазір одаққа Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армения және Қырғызстан кіреді, ұйымда Мәскеудің ұстанымы басымдыққа ие.

XS
SM
MD
LG