Accessibility links

Астанада Уәлихан Қайсардың үйін тінтті


Уәлихан Қайсар, бұрынғы сенат депутаты.
Уәлихан Қайсар, бұрынғы сенат депутаты.

Қоғамдық белсенді Мақсат Ілиясұлы Facebook желісіндегі аккаунтында бұрынғы сенат депутаты, қоғамдық белсенді Уәлихан Қайсардың үйінде тінту жүргізілгені туралы хабар таратты. Тінту жайлы Уәлихан Қайсардың өзінен сұрап білуге мүмкіндік болмады. Белсенді телефон көтермеді. Фэйсбукте Уәлихан Қайсардың кешегі тінту туралы видеосы тараған болатын. Видеодағы белсендінің сөзінше, кеше түнде полиция қызметкерлері прокурордың қатысуымен тінту жүргізген. Шара кезінде қызметтік ит пайдаланылған.

- «От қаруын заңсыз сақтау» бойынша тінтті. Менің үйімде заңсыз қару сақталады деген хабар түсіпті-мыс. Менде рұқсатнама құжаттары бар қару бар. «Тағы да заңсыз қару бар» деп қызметтік итпен көлігімді, үйімді, ауламды, гаражымды тінтті. Кім арыз жазғанын айтпайды - дейді Уалихан Қайсар видеода.

Сонымен бірге, аталған видеода Уәлихан Қайсар үстінен негізсіз қылмыстық іс көтерілгені үшін шағымданатынын мәлімдеген.

Кеше кешкілік тағы бір қоғамдық белсенді Махамбет Әбжановтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Белсендінің Азаттыққа хабарлауынша, ол 16 мамыр күні сағат 17-ден өте «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің тоқсандық салық есебін тапсыру үшін Астананың Алматы аудандық мемлекеттік кіріс басқармасына барған.

- Кассирлер менің есебімді қабылдаудан бас тартқан болатын. Содан кейін мен оларды перископқа (интернетке тікелей эфирге шығаратын жүйе) түсіре бастадым. Сосын есебімді қабылдайтын болды. Бірақ бір әйел мені боқтай бастады. Мен оны түсіре бастадым. Сосын полицейлер үш көлікпен келіп мені аудандық полиция бөлімшесіне күштеп апарды. Онда түсініктеме жаздым, - деді Махамбет Әбжан.

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Махамбет Әбжан аудандық полиция бөлімшісінде өзінің үстінен Мемлекеттік кірістер басқармасының басшылары шағымданғанын білгенін айтады.

Астана ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы София Қылышбекова белсенділерге байланысты жағдайды білетінін, бірақ оған байланысты қандай да бір ресми ақпараты жоқ екендігін айтып, прокуратураға сілтеді.

Астана қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы Әсел Әубәкірова Азаттық тілшісіне ресми хат жолдауды сұрап, оған жауап үш күнде берілетінін айтты.

XS
SM
MD
LG