Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі Дилара Исаның Шымкент қаласындағы үйіне 17 мамыр түнгі 22.30 шамасында өздерін "Еңбекші аудандық учаскелік полиция инспекторларымыз" деп таныстырған екі адам келіп, ертең таңертең прокуратураға шақырылуы мүмкін екенін ескерткен.
Дилара Исаның айтуынша, "жоғарғы жақтан тапсырма алдық" деген полицейлер тілшінің қайда жұмыс істейтінін сұраған. Бірден жауап ала алмаған соң "Азаттық радиосында жұмыс істейсіз бе?" деген. "Басшылықтан түскен тапсырма бойынша келгенін" айтқан капитан шенді полиция офицері тілшіге таңертең прокуратураға баруы мүмкін екенін жеткізген. Не себепті прокуратураға шақырылғанын сұраған Дилара Исаға анық жауап берілмеген. Полицейлер таңертең тағы келетіндерін ескертіп, толық аты-жөндерін айтпаған күйі кетіп қалған. Бұл оқиғадан соң Шымкент қаласы Еңбекші аудандық ішкі істер бөлімінің өзін Айтбеков деп таныстырған кезекші қызметкері Азаттыққа Дилара Исаның тұрғын-жайына ешқандай инспектор жіберілмегенін мәлімдеді.
Азаттық тілшісінің сөзінше, соңғы айларда кәмелетке толмаған екі баласы бар жас отбасының үйіне өздерін "көші-қон полициясының өкілдері", "су құрамын тексерушілер" және "мұржа (дымоход) қауіпсіздігін бақылаушылар" деп таныстыратын, аты-жөндерін айтпайтын адамдар келгіштеп кеткен.
Дилара Иса Оңтүстік Қазақстанда болған жер даулары мен үкіметтің жер реформасына наразы белсенділер туралы репортаждар әзірлеген. Соңғы күндері Қазақстанның бірнеше облысында 21 мамырда жер реформасына қарсы митингіге шығу ниетін жариялаған азаматтық белсенділер мен әлеуметтік желі қолданушылары жаппай тергеуге шақырылып жатыр.