Accessibility links

Мақсат Ілиясұлының 10 тәулікке қамалғаны хабарланды


Азаматтық белсенді Мақсат Ілиясұлы.
Азаматтық белсенді Мақсат Ілиясұлы.

Астана қаласында сот азаматтық белсенді Мақсат Ілиясұлын 17 мамыр күні кешке 10 тәулікке қамау жөнінде шешім шығарды. Соның алдында белсендіні әкімшілік полиция алып кеткені хабарланған.

Мақсат Ілиясұлына "рұқсат етілмеген наразылық акциясына шақырды" деген айып тағылған. Бұл туралы белсендінің жұбайы Мәдина Азаттыққа хабарлады. Оның айтуынша, Мақсат Ілиясұлына қарсы қылмыстық іс қозғалған. Әзірге бұдан басқа мәлімет хабарланбаған.

Жер реформасы туралы республикалық комиссия мүшелігіне алынып, оның алғашқы отырысына қатысқан белсенді соңынан комиссия жұмысынан бас тартқан еді.

16-17 мамыр күндері Қазақстанның бірнеше қаласында азаматтық белсенділерге ескерту жасалып, олардың кейбірін полиция ұстаған.

Жер мәселесіне қарсы наразылық күшейгеннен кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 5 мамырда жерді жекешелендіруге және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруге мораторий жариялаған. Алайда әуелгі 21 мамырда жер реформасына қарсы митинг ұйымдастыру бастамасы сонда да талқыланып келеді. Билік "арандатуға баратындарды" жазалау керегін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG