Accessibility links

ЕАЭО Қытаймен сауда келіссөзін бастамақ


Ресей вице-премьері Игорь Шувалов.
Ресей вице-премьері Игорь Шувалов.

Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше елдер басшылары Қытаймен сауда келісімі туралы келіссөз бастауға келісті. Астанада өткен саммиттен кейін Ресей вице-премьері Игорь Шуваловтың мәлімдеуінше, келіссөз процесі күрделі болмақ.

Шуваловтың сөзінше, өткен жылы Вьетнаммен жасалған еркін сауда туралы келісім биыл оны ратификациялау процесі аяқталған соң күшіне енеді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдеуінше, ЕАЭО сонымен қатар Үндістан, Израиль, Египет және Камбоджамен ынтымақтасуға мүдделі.

Беларусь президенті Александр Лукашенко одақтағы өзге елдер басшыларын ең алдымен ішкі мәселелерді, әсіресе сауда туралы ережелердегі жүздеген сәйкессіздікті жоюға шақырды. Оның мәліметінше, ЕАЭО-дағы тауар айналымы 2012-2013 жылдары 65 миллиард доллар болса, 2015 жылы ол 45 миллиардқа дейін төмендеген.

ЕАЭО ресми түрде екі жыл бұрын - Ресей, Қазақстан және Беларусь президенттері келісімге қол қойған соң құрылған. Кейін оған Қырғызстан мен Армения қосылған.

XS
SM
MD
LG