Алматыда жер мәселесіне қатысты шеру өтеді делінген 21 мамыр қарсаңында ұсталып, "рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыру" бабы бойынша 15 күнге қамалған азаматтардың бірі Құрал Исманов бостандыққа шықты.
Оны әкімшілік жазаға тартылғандарды қамау орнының алдында бірнеше азаматтық белсенді күтіп алды.
Мамырдың 17-сінде ұсталған Құрал Исмановтың сөзінше, «қамау орнында 15 тәулікке қамалғандар күнде болмаса да, өзара көрісіп, хабарласып жүрген, алайда сыртпен ешқандай байланыс болмаған».
Алматыда 15 күнге қамалған азаматтардың бірі Сүйіндік Алдабергенов те бүгін кешке бостандыққа шықты. Оны әкімшілік жазаға тартылғандарды қамау орнының алдында бірнеше азаматтық белсенділермен бірге анасы да күтіп алды.
Қамау орнының алдында жиналған жұрт «сәлден кейін Қуат Күнболатов, Марат Уатхан және Бақытжан Төреғожиналар да шығуы тиіс, ал Мөлдір Адылова ертең шығады» дейді.
Бүгін Алматы облысының Талғар ауданында "рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды" деген айыппен 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған Манас Әбдіманап пен Қуаныш Сұлтанәли да қамаудан босап шыққан.
"21 мамырда жер реформасына қатысты бүкілқазақстандық митинг өтеді" деген ақпарат тараған соң мамырдың 17-сінен бастап 30-ға тарта адам ұсталып, 10-15 тәулікке дейін қамалған.
21 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында жерді сату және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруге қарсы митингіні полиция болдырмай, оған қатыспақ болған ондаған адамды полиция ұстаған. Ұсталғандардың кейбіріне митингіге қатысты айып тағылып, әкімшілік айыппұл салынған. Ұсталғандар арасында ондаған журналист пен азаматтық белсенділер де болған.