Accessibility links

Мөлдір Адылова бостандыққа шықты


Мөлдір Адылованың 15 тәулік әкімшілік қамаудан босап шыққан беті. Алматы, 2 маусым 2016 жыл.
Мөлдір Адылованың 15 тәулік әкімшілік қамаудан босап шыққан беті. Алматы, 2 маусым 2016 жыл.

Алматыда жер мәселесіне қатысты шеру өтеді делінген 21 мамыр қарсаңында ұсталып, "рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыру" бабы бойынша 15 күнге қамалған азаматтардың бірі Мөлдір Адылова бостандыққа шықты. Адылованы әкімшілік жазаға тартылғандарды қамау орнының алдында бірнеше азаматтық белсенді күтіп алды. Бостандыққа шыққан Мөлдірді әке-шешесі журналистермен көп тілдестірмей, асығыс түрде алып кетті.

Алматының ауданаралық мамандандырылған соты 18 мамырда Мөлдір Адылованы «әлеуметтік желіде көпшілікті жер мәселесі бойынша митингіге шақырды» деген айыппен 15 тәулікке қамаған. Ол бұл айыппен келіспей, «Қазақстанның патриоты ретінде жер мәселесіне қатысты жеке пікірін білдіргенін» айтқан.

2 маусымға қараған түні Алматыда 15 тәулікке қамалған құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, белсенді Марат Уатхан, 1 маусымда кешке Құрал Исманов, Сүйіндік Алдабергенов бостандыққа шыққан.

"21 мамырда жер реформасына қатысты бүкілқазақстандық митинг өтеді" деген ақпарат тараған соң мамырдың 17-сінен бастап 30-ға тарта адам ұсталып, 10-15 тәулікке дейін қамалған.

21 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында жерді сату және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруге қарсы митингіні полиция болдырмай, оған қатыспақ болған ондаған адамды полиция ұстаған. Ұсталғандардың кейбіріне митингіге қатысты айып тағылып, әкімшілік айыппұл салынған. Ұсталғандар арасында ондаған журналист пен азаматтық белсенділер де болған.

XS
SM
MD
LG