Accessibility links

Полиция Баян Есентаеваның күйеуі ұсталғанын хабарлады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Жұма күні Алматы облысы Талғар аудандық ауруханасына дене жарақатымен түскен белгілі продюсер Баян Есентаеваның жұбайы Бақытбек Есентаевты полиция ұстап, қазір ол оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен уақытша ұстау изоляторында отыр. Бұл туралы бүгін Азаттыққа Алматы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахмет хабарлады.

Оның айтуынша, 10 маусым күні Талғар ауданы аумағындағы жанармай құю бекетінде денесінің бірнеше тұсында өткір заттан түскен жарақат іздері бар әйел жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген.

«Жарақат алған әйел – Баян Есентаева екені анықталды. Бұл оқиғаға қатысты «денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиға орнынан Талғар аудандық полиция бөліміне жеткізілген оның күйеуі 72 сағатқа ұсталды» дейді Көбейхан Нұрахмет.

Жергілікті баспасөз құралдары өткен түнде ауруханада жасалған күрделі операциядан кейін Баян Есентаева бүгін таңертең өз-өзіне келіп, дәрігерлер оның денсаулық жағдайын тұрақты деп бағалағаны туралы хабарлап жатыр.

Бұған дейін кей интернет-басылымдар Баян Есентаеваның жеке телефонына қоңырау шалғандарға жауап берген әйел оның зардап шеккені туралы ақпаратты жоққа шығарып, белгілі продюсер «Германияда отбасымен бірге демалып жатыр» деп айтқанын хабарлаған.

42 жастағы Баян Есентаева актриса, әнші әрі тележүргізушілігімен бірге қазақстандық жекелеген әншілер мен музыкалық топтардың продюсері ретінде де жұртқа танылған.

XS
SM
MD
LG