Қырғызстан жоғарғы соты өмірлік түрме жазасына сотталған құқық қорғаушы Азимжан Асқаровтың ісін "жаңадан ашылған жайттарға" байланысты қайта қарайды деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз редакциясы.
Жоғарғы сот баспасөз қызметінің мәліметінше, Асқаровтың ісі 11 шілдеде құқық қорғаушының өзі мен адвокатының шағымы бойынша қаралады.
Биыл 21 сәуірде БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі сарапшылары Қырғызстан билігін түрмедегі Асқаровты босатуға шақырған. Олардың пікірінше, заңсыз ұсталған Асқаров адам төзгісіз жағдайда отырған түрмеде оған қатыгездікпен қарайды, тұтқын сотта өзін қорғауды тиісті дәрежеде дайындау мүмкіндігінен айрылған.
Азимжан Асқаров 2010 жылы маусымда Қырғызстанның оңтүстігінде Ош облысында этникалық өзбектер мен қырғыздар арасында болған қақтығысты ұйымдастырды деген айыппен өмір бойына түрме жазасына кесілген. Ол бұған қоса қақтығыс кезінде мерт болған полиция қызметкерінің қазасына да қатысы бар деп айыпталған.
2015 жылы жазда АҚШ мемлекеттік департаменті Асқаровты "адам құқығын құрметтеуге қосқан үлесі" үін марапаттаған. Бұған жауап ретінде Қырғызстан билігі АҚШ үкіметімен 1993 жылы жасасқан көмек көрсетуді жеңілдету туралы келісімді бір жақты түрде бұзған.