Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотының күзеті «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша сотталып жатқан Қыздығой Ажарқұлованың ісі бойынша кезекті сот отырысына айыпталушының адвокаты Гүлнәр Жуаспаеваны тағы да уақытында кіргізбеді.
Сот ғимаратының күзетшілері бүгін сағат 15:30-да өтуі тиіс процеске келген адвокат Гүлнәр Жуасбаеваны тура кешегідегідей уәжбен – смартфонын қалдырмағаны үшін бөгеді. Күзетшілер «Жоғарғы соттың жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің сот жүйесінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы 2016 жылдың 25-наурыз күні шыққан өкімін» алға тартып, сот отырысына смартфонмен кіруге рұқсат етілмейтінін» айтты.
Адвокат Гүлнәр Жуаспаева күзетшілерге кешегідей акт толтырып беруін сұрады. Бұл жолы күзетшілер 15 минутта акт толтырып, адвокатқа ұсынды.
Акт жасалып біткенше судья Мадияр Әбдірасыловтың хатшысы сот отырысы «судьяның басқа істі қарап жатқанына байланысты бұл отырыс 1 шілдеге қалдырылғанын» хабарлады.
Адвокат Гүлнәр Жуаспаева Қыздығой Ажарқұлованың сот отырысы басталған үш айдан бері процесс түрлі сылтаулармен бірнеше рет шегерілгенін айтады.
«Сот қорғауымдағы Қыздығой Ажарқұлованың денсаулығының нашарлығы мен жасының үлкендігіне де мән бермей отыр. Сот күзетінің заңсыз әрекетіне байланысты Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық прокуратурасына шағым түсірдім. Заңды құқығым мойындалмаса, Біріккен ұлттар ұйымына дейін шағым түсіремін» дейді адвокат.
Қыздығой Ажарқұлова 2015 жылдың желтоқсан айынан бері Шымкенттегі тергеу изоляторында қамауда отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің Азаттық сауалына ақпанда берген жауабында «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық бірлестігі жетекшісі 2009-2014 жылдары сенімге кіріп, қарыздарын жойып беремін деген уәдемен [борышкерлерге] жалпы сомасы 1 068 000 теңге (1 миллион 68 мың теңге – ред.) шығын келтірген. Нәтижесінде шағымданушылар банкке кепілге қойған жылжымайтын мүліктерінен айырылған» деп жазылған.