Қырғызстан сыртқы істер министрлігі ДНҚ мен басқа да биологиялық және химиялық сараптамалардың ресми қорытындысы жарияланбай тұрып Стамбулдағы терактілерге қырғыз азаматының қатысы бар деу ерте және жалған деп мәлімдеді.
30 маусымда түркиялық жекеменшік ақпарат құралдарында Стамбулдың Ататүрік әуежайында теракт жасағандардың бірі Қырғызстан азаматы деп хабарлаған. БАҚ-тың ақпаратына қарағанда, терактіні "Шешенстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары" жасаған.
Ал Mynet ақпараттық порталының Стамбул қауіпсіздік басқармасы барлау департаментінің мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлауынша, үш жанкешті де Шешенстан азаматы және олардың бірінің кім екені анықталған.
30 маусымда Түркия ішкі істер министрі Эфкан Ала ресми мәлімдеме жасап, жанкештінің бірінің аты-жөні анықталғанын хабарлаған. Ол басқа екі жанкештінің анықталып жатқанын айтқанымен, қырғызстандық пен өзбекстандықтың қатысы бар туралы ештеңе демеген.
Ататүрік атындағы халықаралық әуежайда 28 маусым күні үш жанкешті жасаған жарылыстан 42 адам қаза тауып, 230-дан астам адам жараланған.