Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Алматыда полицейлермен атысып, ұсталған адам шабуылды полицияға кектеніп жасағанын мәлімдеді. 18 шілдеде Алматыда болған қарулы шабуылдан бес адам мерт болып, сегіз адам жараланып ауруханада жатыр.
Қасымовтың сөзінше, шабуылды Алматы облысының 27 жастағы тұрғыны Руслан Күлекбаев жасаған. Ол ұрлық жасап, қару жасағаны үшін екі рет сотталып, түрмеде отырған кезіндегі полицияға деген кектен шабуыл жасаған. Күдікті бұрын 5 жыл 11 айға сотталған. Министр Күлекбаев шабуыл алдында әйелді өлтіргені үшін қамалатынын біліп, полицияға шабуылдаған дейді.
Кеше Қауіпсіздік кеңесінің жиынында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақанов күдікті түрмеде отырғанда салафиттермен жақын болғанын мәлімдеген. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуылды теракт деп атаған.
18 шілдеде күндіз қарулы адам Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне шабуылдап, өзі жараланып қолға түскен.