Accessibility links

Франция: Нормандияда шіркеуде кепілге алынған бір адам қаза тапты


Сент-Этьен-дю-Рувре қаласында шіркеуге шабуыл болған көшеде тұрған полиция көлігі. Франция, 26 шілде 2016 жыл.
Сент-Этьен-дю-Рувре қаласында шіркеуге шабуыл болған көшеде тұрған полиция көлігі. Франция, 26 шілде 2016 жыл.

Франция ақпарат құралдары 26 шілдеде елдің оңтүстігіндегі Нормандия аймағының Сент-Этьен-дю-Рувре қаласында шіркеуде кепілге алынған бір адам қаза тапқанын хабарлады. Франция ішкі істер министрлігі шіркеуде адамдарды кепілге алған екі адамның көзі жойылғанын мәлімдеді.

Кейбір ақпар бойынша, кепілге алған екі адамды полиция атып өлтірген. Көзі жойылғандардың аты-жөні және олардың қылмысты не үшін жасағаны әзірге белгісіз.

Полициядағы дереккөз шіркеуге басып кіргендер кепілдегі бір адамды пышаққа ұқсас өткір затпен өлтіргенін айтады. Француз ақпарат құралдарының мәліметінше, еепілге алынғандар арасында дін қызметкері, екі монах әйел мен шіркеуге келген бірнеше адам бар.

Франция президенті Франсуа Олланд пен ішкі істер министрі Бернард Газневтің оқиға орнына бара жатқаны хабарланды.

Францияның антитеррористік тергеу бөлімі шабуылды тергеуді бастағанын хабарлады.

Франция премьер-миинстір Мануэль Вальс оқиғаны "шіркеуге жасалған тағылық шабуыл" деп атады.

"Бүкіл Франция мен барлық католиктердің жаны жараланды. Біз барлығымыз біргеміз" деп жазды Вальс Twitter-де.

Францияда соңғы бір жарым жыл ішінде осымен үшінші шабуыл болып отыр. 14 шілдеде елдің оңтүстігіндегі Ницца қаласында мерекелік фейерверкке жиналғандарды жүк көлігіне мінген адам басып таптап өтіп, өзі полицияның қолынан оққа ұшқан. Шабуылдан 84 адам қаза тапқан. Полиция шабуылды Тунистен шыққан, Ниццада тұратын Мохамед Бухлел деген азамат жасағанын айтады.

XS
SM
MD
LG