Accessibility links

Министрлік: Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлері жұмысын жалғастыра береді


Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлеріне демеушілік көрсететін KATEV халықаралық қоғамдық қорының логосы.
Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлеріне демеушілік көрсететін KATEV халықаралық қоғамдық қорының логосы.

Қазақстан білім және ғылым министрлігі (БҒМ) елдегі қазақ-түрік лицейлері жұмысын ары қарай жалғастыра беретінін хабарлайды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Tengrinews сайты хабарлады.

«Бұл білім мекемелер осы кезге дейін атқарып келген жұмысын жалғастыра береді, оқушылар мен ата-аналарының жаңа мектеп іздеп алаңдауына негіз жоқ» деген министрлік.

БҒМ елдегі қазақ-түрік лицейлерінің Түркияға қатысы жоғын, олардың оқыту бағдарламасы Қазақстан мен халықаралық білім стандарттарына сәйкес құрылғанын айтады. Қазақ-түрік лицейлері оқушыларының білім деңгейін жоғары деп бағалаған министрлік тек соңғы үш жылдың ішінде оның шәкірттері 5 мыңнан астам медаль иеленгенін, соның ішінде әлемнің әр түкпірінде өткен халықаралық жарыстардан мыңға жуық жүлдені ұтып алғанын атап көрсеткен.

Министрлік дерегі бойынша, қазіргі таңда Қазақстанда барлығы 27 мемлекеттік қазақ-түрік лицейі бар, оларда сабақ беретін 1124 мұғалімнің 94-і, яғни 8,3 пайызы – Түркия азаматтары.

Кеше Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык Қазақстанда «оппозициялық қайраткер Фетхулла Гүленмен байланысы бар оқу орындары бар екенін» мәлімдеп, Қазақстан билігін олардыңқызметін тоқтатуға шақырған. Бірақ ол Қазақстандағы «гүленшіл білім мекемелерін» нақты атаған жоқ. Елші тек Қазақстанда Түркия билігінің қатысы бар бір ғана оқу орны – Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ашылғанын айтқан.

Түркияда 15 шілдеде іске аспай қалған мемлекеттік төңкеріс әрекетіне ресми Анкара АҚШ-та тұратын теолог Фетхулла Гүленді айыптайды. Гүлен төңкеріс әрекетіне қатысы жоғаны мәлімдеп, ол айыптауларды жоққа шығарады. Бүліктен соң Түркия билігі Орталық Азия елдері биліктерінен «гүленшіл» дейтін оқу орындарына деген «көзқарасын өзгеруді талап етіп», «гүленшілердің төңкеріс жасау пиғылы барын» ескерткені туралы мәлімдей бастаған.

Бұған дейін Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлеріне демеушілік ететін халықаралық KATEV қоры өкілі Азаттыққа берген сұқбатында «олардың Фетхуллах Гүленге де, Түркияға да қатысы жоқ» екенін мәлімдеген болатын.

XS
SM
MD
LG