Accessibility links

Раккаға жасалған әуе соққысынан 20 тұрғын қаза болды


Раккада ИМ туын ұстап жүрген содыр, Сирия.
Раккада ИМ туын ұстап жүрген содыр, Сирия.

Алепподағы кескілескен ұрыстар жалғасып жатқанда Ресей авиациясы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы бекініп, өз астанасы санайтын Ракка қаласына соққы жасады.
БҰҰ Сирияның ұрыс жүріп жатқан ең ірі қаласы Алеппоның ашыққан тұрғындарына Ресей уәде еткен "көмек терезесі" жеңілдік әкелмегенін айтады.

Сириялық белсенділердің мәліметінше, 11 тамызда Ракка маңына жасалған әуе соққыларынан кемінде 20 бейбіт тұрғын ажал құшқан. ИМ-ге қарсы әуе шабуылдары Түркия бұл ұйымға қарсы күресте Ресеймен ынтымақтастықты кеңейтетіні туралы мәлімдеген соң жасалып отыр.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған осы аптаның басында Ресейге сапарында Ресей президенті Владимир Путинмен Сириядағы соғыс қимылдарында барынша жақынырақ үйлесе әрекет етуге уағдаласқан.

Түркия сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоглу Мәскеу мен Анкара арасындағы ұшақ дауынан кейін бір айдан соң Түркия Сириядағы ИМ нысандарына әуе соққыларын қайта жандандырады деген еді.

Сириялық құтқарушылар мен оппозициялық белсенділердің айтуынша, Алеппода 11 тамызда Сирия билігінің оппозиция күштері шоғырланған ауданға жасаған әуе шабуылы салдарынан кемінде екі адам қаза болған.

Алеппоның шығысындағы Забадие ауданында тұрғындар кем дегенде төрт бомба жарылғанын, оның біреуінен хлорлы газ шыққанын көргендерін айтады.

2011 жылдың наурызында Сирияда билікке қарсы басталған толқу азаматтық соғысқа ұласып, бүгінге дейін 290 мыңнан астам адам қаза болған. Миллионнан астам адам босып кеткен.

XS
SM
MD
LG