Accessibility links

Ердоған: Газиантептегі жарылысты жасөспірім жасаған


Газиантептегі жарылыстан қаза тапқандарды жерлеуге жиналғандар. Түркия, 21 тамыз 2016 жыл.
Газиантептегі жарылыстан қаза тапқандарды жерлеуге жиналғандар. Түркия, 21 тамыз 2016 жыл.

Түркияның оңтүстік-шығысындағы Газиантеп қаласында 50-ден астам адамды құрбан қылған жарылысты жасөспірім жасаған деп мәлімдеді осы ел президенті Режеп Тайып Ердоған. Оның сөзінше, жанкешті 12-14 жас аралығында болған. Түркия билігі жарылысты теракт деп атап, оны экстремистік "Ислам мемлекеті" ұйымы ұйымдастырған деді.

Өткен сенбінің кешінде Газиантепте неке қию сарайында үйлену кешіне қатысып жатқан жұрт көшеге шыққанда жанкешті жарылыс жасаған. Жарылыстан 51 адам қаза тауып, 90-нан астам адам жараланған. Мәліметтерге қарағанда, үйлену кешіне жиналған жастар мен қонақтар күрдтер болған. Газиантеп қаласы Түркияның оңтүстігінде Сириямен шекараға жақын орналасқан. BBC-дің хабарлауынша, қазір Сирия шекарасында күрд қарулы жасақтары мен содырлар арасында ұрыс жүріп жатыр.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 21 тамызда "бауырлас түрік халқына", құрбандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, Газиантептегі "терактіні қатаң айыптаған" мәлімдеме таратты.

XS
SM
MD
LG