Италия үкіметі жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарда төтенше жағдай жариялады. Соңғы мәліметтер бойынша, жер сілкінісінен құрбан болғандар саны 267 адамға жетті.
Кеше Италия премьер-министрі Маттео Ренци 50 миллион еуро көлеміндегі алғашқы көмектің бөлінгенін және табиғи апаттан зардап шеккен аудан тұрғындары үшін салық жеңілдіктері енгізілгенін мәлімдеген. Ренцидің сөзінше, қираған елді мекендер мемлекет қаржысына қалпына келтіріледі.
24 тамызда Италияның орталық бөлігінде қуаты 6,2 магнитудаға жететін жер сілкінген. Зілзала ошағы Аматриче қаласының маңында тіркелген. Зілзаладан 215 адам құтқарылып, 400-ге тарта адам жараланған. Із-түзсіз жоғалған немесе қираған үйінділер астында қалып қойғандардың нақты санын анықтау мүмкін емес. Мыңдаған адам үйсіз қалып, шатырда немесе көліктерінде түнеп жатыр. Күндіз-түні жүргізіліп жатқан құтқару жұмыстарына алты мыңға тарта адам қатысып жатыр.
Италияның мәдениет және туризм министрінің хабарлауынша, зілзаладан 293 мәдени-тарихи нысан мен ғимарат қираған. 2009 жылы Л'Акуила қаласында болған жер сілкінісінен 300-ден астам адам құрбан болған.