Ақтауда алты жасар қыз баланы зорлаған адам жөнінде ақпарат берген азаматқа үш миллион теңге сыйақы берілетіні хабарланды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаев тамыздың 26-сы хабарлады.
Зорланған қыз бала Маңғыстау облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде комада жатыр. Дәрігерлер оның денсаулығының оңалмай отырғанын айтады.
- Қызды Астанаға алып кету үшін дәрігерлер бірнеше күн бойына оның жағдайының жақсаруын күтті. Алайда баланың халі сол ауыр күйде, тасымалдауға келмейді, - деп мәлімдеді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі әкім орынбасары Бану Нұрғазиеваға сілтеме жасап.
Қазақстандағы кейбір жергілікті ақпарат агенттіктері дәрігерлердің баланы Астанадағы "Ана мен бала" орталығына әкететінін хабарлаған еді. Азаттық хабарласқан орталық өкілдері кішкене қыздың өздеріне түспегенін айтты.
Ақтау қаласында тұратын алты жасар қыз баланың жоғалғаны туралы оның ата -анасы полицияға 20 тамыз күні хабарлаған. Сол күні кешке қыз бала қала шетіндегі «Нұр Плаза» жағажайы маңынан табылған. Дәрігерлер оның зорланған растап, Маңғыстау полициясы қылмыстық іс қозғаған. Тамыздың 23-і күні бейнкамераға түсіп қалған бірнеше өзбекстандық гастарбайтер қамауға алынғанымен, олардың кінәсі дәлелденбеді.