АҚШ Ресейдің Қырым түбегін аннексиялап, Украина шығысындағы жанжалға киліккені үшін тағы 37 адам мен компанияға санция салды. "Қаржы министрлігі серіктерімен бірге Ресейдің халықаралық құқық нормаларын бұзғанын айыптайды және біз Украинаның егемендігі, тұрақтылығы мен бейбітшілігіне қатер төндіргендерге санкция сала береміз" деп мәлімдеді министрліктің халықаралық активтерді бақылау бөлімінің басшысы Джон Смит.
Құжатта сонымен қатар АҚШ Қырымда жұмыс істейтін ресейлік бірнеше компанияны, оның ішінде Ресей мен Қырым арасындағы көпірді салысқан "Мостотрест" және "СГМ-Мост" компанияларын да қара тізімге енгізгені айтылады. Санкцияға Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистердің алты өкілі мен Қырымдағы 11 шенеунік те ілінген.