Accessibility links

Йылдырым: Шекарадағы аудандар ИМ-нен босатылды


Түркия-Сирия шекарасында тұрған түркиялық танктер. 3 қыркүйек 2016 жыл.
Түркия-Сирия шекарасында тұрған түркиялық танктер. 3 қыркүйек 2016 жыл.

Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырымның сөзіне қарағанда, түрік әскері мен сириялық көтерілісшілер "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының содырларын Сирия-Түркия шекарасындағы соңғы территориясынан ығыстырып тастаған. Диярбакырға барған сапарында телеарнадан сөйлеген Йылдырым: "Азааздан Жераблуске дейінгі 91 километр шекарамыз толықтай босатылды. Барлық террористік ұйымдар ығыстырылды" деп мәлімдеді.

Syrian Observatory for Human Rights ұйымының мәлімдеуінше, ИМ-нің "барлық шекаралық аудандардан айырылған соң сыртқы әлеммен байланысы үзілген". Мәлімдемеде сонымен бірге "көтерілісшілер мен исламшыл фракциялар Түркия танктері мен ұшақтарының көмегімен" шекара түбіндегі бірқатар елді мекенге бақылау орнатқаны айтылады.

Түркия Сирияда 24 тамызда әскери операция бастаған. Анкараның мақсаты - ИМ содырларын ығыстырып, күрд жасақтарының алға жылжуына кедергі келтіру. Йылдырым 4 қыркүйекте Түркияның Сириямен ортақ шекарасы барын айтып, өз елінің Сирияда әскери операция жүргізгенін қолдаған.

"Біз Сирияда өз шекарамызды қорғап, азаматтарымыздың өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігін қорғау үшін және Сирияның территориялық тұтастығын сақтау үшін жүрміз" деді Йылдырым. Түркия премьері сонымен қатар "Сирияның солтүстігінде жасанды мемлекеттің құрылуына ешқашан жол бермейтіндерін" де айтты.

XS
SM
MD
LG