Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев Астанада өтіп жатқан сотта жауап беруден бас тартты. ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, Матаев денсаулығына шағымданған.
Матаев сотта "Өз құқығымды пайдаланып, сотта түсінік беруден бас тартамын. Қазір қан қысымым жоғарылап тұр" деген.
Сейітқазы Матаевтың ұлы ҚазТАГ агенттігінің бас директоры Әсет Матаев та сотта жауап беруден бас тартты.
Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 24 ақпанда үйқамаққа алынған. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынды. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толыққанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады. Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып "қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.
Матаевтардың үстінен сот процесі Астанада 23 тамызда басталған.