Қазақстан парламенті мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматуллин мен коррупцияға қарсы іс-қимыл қызметінің басшысы Талғат Татубаев Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың кешегі сотта айтқан, "бұл азаматтар маған қысым жасады" деген сөзіне орай түсініктеме берді деп хабарлады жергілікті БАҚ.
Нығматуллин Матаевтың сөзін жоққа шығарып, "ол істі саясиландырмақ" деп мәлімдеген. Ал Татубаев "Матаевты тексеру ісі заңға сай болғанын", "ешбір тапсырыс болмағанын" айтқан.
"Қаржы жымқыру" және "салықтан жалтару" айыптарына іліккен әкелі-балалы Матаевтар кеше соттағы соңғы сөздерінде өздеріне қысым жасалып жатқанын айтқан. Сейітқазы Матаев "Қазақстан журналистер одағы, ұлттық баспасөз клубы және ҚазТАГ ақпарат агенттіктеріне тексеру арқылы қысым жасаған адамдар" ретінде Нұрлан Нығматуллин пен Талғат Татубаевты да атаған.
Қазақстан журналистер одағының төрағасы әрі ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаев биыл ақпанның 22-сінде ұсталған. Наурыздың 28-інде оның ұлы - ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған.
Бұл қамаулардың себебін түсіндірген антикоррупциялық қызмет«ҚазТАГ агенттігі мен ұлттық баспасөз клубының мемлекеттік саясатты ақпарат арқылы таратуға және басылымдарда материал басу үшін ақпараттандыру комитеті мен «Қазақтелеком» компаниясына бөлінген 300 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғаны анықталды» деп хабарлаған.
Әкелі-балалы Матаевтарға қатысты сот процесі Астанада 23 тамызда басталған.