Ресей мен Түркия газ құбырын салу туралы келісім жасасты. Құбыр жобасы екі ел байланысы шиеленіскен тұста уақытша тоқтатылған еді. Жоба бойынша, Turkstream құбыры арқылы Еуропаға газды Украинаны айналып өтіп тасымалдау көзделген.
Келісімге Стамбулда өтіп жатқан Дүниежүзілік энергетикалық конгресс аясында қол қойылды. Конгрессте Түркия президенті Режеп Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин келіссөз жүргізді. Мәскеу Turkstream туралы келісімді өткен жылы қарашада түркиялық әскерилер Сириямен шекарада Ресейдің әскери ұшағын атып түсіріп, екі ел қарым-қатынасы нашарлағанда тоқтатқан.
Путин сонымен қатар Ердоғанмен келіссөзде Сирияның қоршаудағы Алеппо қаласына гуманитарлық көмек жеткізу қажеттігіне қатысты ымыраға келгендерін мәлімдеді. Алеппода Ресей әскери-әуе күштері мен Сирия үкіметінің әскері әуе шабуылдарын жасап жатыр. Путиннің сөзінше, Ресей мұнай өндіру көлемін азайтуға дайын және ОПЕК-тің мұнай бағасын жоғарылату саясатын қолдайды.