Кейбір агенттіктердің хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин Парижге 19 қазанға жоспарлаған сапарынан бас тартты. Reuters-тің Франциядағы дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауына қарағанда, Путин мұндай шешімді Франция президенті Франсуа Олланд өзімен кездесуде Сирияның Алеппо қаласындағы жағдайдан басқа мәселелерді талқылауға ниетті емесін білген соң қабылдаған.
Кеше Францияның Халықаралық қылмыстық сотқа Ресей мен Сирия қарулы күштерінің Алеппоның шығыс аудандарында жасаған әскери қылмыстарына тергеу жүргізуді сұрайтыны хабарланған.
Франция сыртқы істер министрі Жан-Марк Айро Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Францияның Алеппоға қатысты қарар жобасына вето қойған соң Олланд Путинмен "бір-біріне жай ғана құрмет білдіру үшін кездеспейтінін" мәлімдеген.
Қыркүйекте Сириядағы бітім бұзылғаннан бері Ресей мен Сирия Алеппоның шығысындағы көтерілісшілер бақылайтын аудандарға әуе шабуылдарын күшейткен. Reuters-тің хабарлауына қарағанда, Алеппо үшін шайқас Сириядағы бес жылға созылған соғыстың "шешуші кезеңіне" айналуы мүмкін.
Бұған дейін АҚШ Ресей мен Сирияны әскери қылмыс жасады деп күдіктенетіні хабарланған. АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри 7 қазанда Мәскеу мен Башар Асад әскерінің бейбіт тұрғындарға қарсы әрекетін ерекше тергеу керегін мәлімдеген.
10 қазанда Ресей президентінің өкілі Дмитрий Песков журналистерге Ресей жағы Путиннің 19 қазанда Парижге сапарына дайындалып жатқанын хабарлаған. Ресей президенті мұнда Бранли жағалауында Ресейдің діни-мәдени орталығының ашылуына қатысуы тиіс болатын.