Ресей әскери-әуе күштері Сириядағы Алеппо қаласының көтерілісшілер бақылауындағы шығысын бірнеше күндік үзілістен соң қайта бомбалай бастады. Syrian Observatory for Human Rights ұйымының мәліметіне қарағанда, Бустан әл-Каср және Фардос аудандарында шабуылдардан кем дегенде сегіз бейбіт тұрғын қаза болған. Қаланың бұл аудандарында кем дегенде 250 мың адам қоршауда қалған.
"Бұл - Сирия билігі Алеппоға әуе шабуылдарын бәсеңдететінін жариялағаннан бері Ресей әуе күштері жасап отырған ең ауқымды шабуыл" деп мәлімдеді құқық қорғау ұйымының басшысы Рами Абдель Рахман.
5 қазанда Сирия армиясы Алеппоның шығысындағы аудандарын бомбалауды азайтатынын мәлімдеп, бейбіт тұрғындарды көтерілісшілерге қосылмауға шақырған.
Syrian Observatory for Human Rights ұйымының мәліметінше, Сирия әскерінің Ресейдің көмегімен Алеппоға бақылау орнату операциясын бастағалы бері кем дегенде 290 адам құрбан болған және олардың көпшілігі - бейбіт тұрғындар.