2016 жылы қазанның 17-сі күні Атырау қалалық №2 сотында "араздық тудырды" деп айыпталған жергілікті белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісін қарау кезінде сәуір айында осы қалада өткен митингті қаржыландырды деген Тоқтар Төлешов куәлік берді. Жауап беру барысында ол куәліктерін бірнеше рет өзгертті. Мәселен, «халық толқулары болса деп ойладым», «митингілер туралы ойладым» деген сөздерінен бас тартты.
Айыпталушы Макс Боқаев Тоқтар Төлешовтен «сіз Талғат Аянға жолдасыңыз арқылы берген ақшаны митинг ұйымдастыру үшін бердіңіз бе?» деп сұрады. Шымкенттік кәсіпкер «мен ол ақшаны пресс конференция, кездесулер, концерттер, дөңгелек үстелдер өткізуге және басқа да тұрмыстық шығындарға бердім» деп жауап берді.
Прокурорлар мен судья бірнеше мәрте сауал қойып, оның «митинг өткізу үшін ақша бердім» деп өз қолымен жазып бергенін айтқанымен, Төлешов ол жауабын құптамады.
Талғат Аян ақша алмағанынын, тіпті наурыз айындағы мәслихат сайлауына қатысу үшін қажет қаржыны таба алмағын айтты.
Кезекті үзілістен соң "ақшаны Талғат Аянға берді" деген Төлешовтің қаржыгері Владимир Волковтан жауап алынды. Ол өзіне қойылған «ақшаны қай айырбастау пунктінен алғаны» туралы сауалдарға «ұмытып қалғанын» айтып, нақты жауап бермеді.
Сот отырысының соңына қарай Макс Боқаев "денсаулығы күрт нашарлағанын" айтып, "Волковтан жауап алуды ертеңге қалдыруды" сұрады.
Судья Гүлнар Дәулешова куәні күнде шақыра алмайтынын айтқанымен, Боқаевтың денсаулығына байланысты шағымынан соң Волковтан жауап алуды қазанның 18-і таңертең сағат 10-да жалғасатынын хабарлады.