Алматыда сенбі, 29 қазан күні кәсіпқой бокстан өткен жекпе-жекте қазақстандық Қанат Ислам ганалық Патрик Аллотейден басым түсті.
"Алматы-Арена" спорт кешенінде 12 раундқа созылған кездесу қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан Қанат Исламға берді. Осылайша Қанат Ислам бірінші орта салмақта (69 келі) WBA Fedelatin және WBO Intercontinental белдіктерін иеленді.
32 жастағы Қанат Ислам осымен кәсіпқой рингтегі 22-жекпе-жегін өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Ол 19 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтаған.
Кездесуден кейін Қанат Ислам "жанкүйерлер менен нокаут күтті. Бірақ қарсыласым бұл кездесуге өте мықты дайындалып шығыпты. Дегенмен, кездесудің 12 раундқа созылуы мен үшін үлкен тәжірибе болды" деді.
Ал Патрик Аллотейдің өзі кездесуден кейін пікір білдіруден бас тартты. Оның бапкері төрешілер шешімін "әділетсіздік" деп бағалады.
25 жастағы ганалық кәсіпқой боксшы Патрик Аллотей 37-жекпе-жегін өткізіп, үшінші рет жеңілді. Ол бұған дейін 34 кездесуінде жеңіске жеткен.