Еуропа кеңесінің бас хатшысы Турбьерн Ягланд Ресей билігі өкілдерімен ресейлік белсенді әрі құқық қорғаушы, түрмеде азаптауға ұшыраған Ильдар Дадин туралы сөйлескенін хабарлады. Ягланд 3 қарашада Ресей әділет министрі Александр Коноваловпен телефонмен сөйлескенінде Дадиннің әйеліне хат жазып, Карелиядағы түрмеде азапталғаны туралы хабарлағанына қатысты алаңдайтынын мәлімдеді.
Норвегияның бұрынғы премьер-министрі Турбьерн Ягланд Коноваловты Дадиннің шағымына қатысты тыңғылықты тексеру жүргізуге және Ресейдегі пенитенциарлық жүйені реформалау мәселелері бойынша Еуропа кеңесімен жұмыс істесуге шақырған. Коновалов Ягландты Дадиннің шағымы бойынша толық және ашық тергеу жүргізілетініне сендірген.
34 жастағы Ильдар Дадин - көптеген рұқсат етілмеген қарсылық акцияларына қатысқаны үшін сотталған алғашқы тұтқын. Ол өткен жылы желтоқсанда үш жылға сотталған. Бірақ кейін жаза мерзімі алты айға азайтылған. 3 қарашада Дадиннің әйелі Анастасия Зотова 2 қараша күні күйеуінің жүрек талмасы ұстап қалғанын хабарлады.
Ресейдің Жазаны атқару федералдық қызметінің мәлімдеуінше, дәрігерлер Ильдар Дадиннің денесінен жарақат ізін таппаған.