Accessibility links

Ұлттық бюро: Жаманқұлов қаржы жымқырғанын мойындады


Тұңғышбай Жаманқұлов, актер, режиссер
Тұңғышбай Жаманқұлов, актер, режиссер

Мемлекеттік қызмет істері министрлігіне қарасты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бүгін режиссер, актер әрі өнер қайраткері Тұңғышбай Жаманқұловтың "бюджет қаржысын жымқырғанын мойындағанын" хабарлады.

Ұлттық бюроның таратқан ақпаратына қарағанда, Жаманқұлов "Феникс" көркем фильмін түсіруге бөлінген мемлекет қаржысын "жымқырғанын" мойындап, "қылмысы үшін өкінген" және "келтірілген шығынды өтеуге міндеттеме алған.

Бюро 2 қарашада Жаманқұловтың "Феникс" көркем фильмін түсіру кезінде "бюджет қаржысын жымқырды" деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған еді. Ресми хабарламаға сәйкес, тергеу кезінде фильмді түсіру үшін 79 миллион теңге "Т.К.TURAN UNIVERSAL BUSINESS" компаниясының есеп-шотына аударылған, оның 69 миллионын осы кинокартинаның бас продюсері, әрі компанияның құрылтайшысы "Тұңғышбай Жаманқұлов талан-таржыға түсірген". Осы істі тексеру кезінде "Қазақфильм" компаниясының экономика бойынша басқарушы директоры мен аталмыш көркем фильмнің атқарушы продюсері де қамауға алынған

Бюро мәліметінше, Тұңғышбай Жаманқұлов "қылмысын мойындағанына байланысты" өзін кепілге қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы өтініш берген.

3 қарашада Жаманқұлов келтірілген шығынның бір бөлігін өтеп, кепілге босатылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Жаманқұловтың қылмыстық жауапкершіліктен босату өтініші осы іске қатысты күдіктілер келтірілген шығынды толық өтеген соң қаралатынын айтады.

Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов бұған дейін мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын жемқорлыққа қатысты айыптап, министрдің үстінен "сексуалдық бопсалау" бойынша арызданушыны қолдап шыққан еді. Көп ұзамай Жаманқұловтың өз басы дауға қалып, оны бір топ театр қайраткерлері жиналыс ашып сөккен. Мұхамедиұлы өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

XS
SM
MD
LG