Human Rights Watch халықаралық ұйымы Қазақстан билігін атыраулық белсенділер, Атыраудағы митингіге қатысқаннан кейін сотталған Макс Боқаев пен Талғат Аянды босатуға шақырды.
"Макс Боқаев пен Талғат Аянды өз көзқарастарын бейбіт түрде білдіргені үшін ғана соттау - өрескел қателік. Боқаев пен Аян дереу босатылуы тиіс" деді ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттман.
Атырау соты 28 қарашада Макс Боқаев пен Талғат Аянды "заңсыз митингтер ұйымдастырды", "жалған ақпараттар таратты", "ұлтараздық тудырды" деп айыптап, 5 жылға соттады. Сот сонымен бірге оларға үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қою және 250 мың теңге айлық көрсеткіш есебінде (бір АЕК - 2121 теңге) айыппұл салу туралы үкім кесті. Үкім бойынша, Боқаев пен Аян жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеуі тиіс.
Боқаев пен Аян өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Белсенділердің адвокаты Жанаргүл Боқаева Азаттыққа сот үкіміне шағымданатындарын айтты.
Белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян Атырауда биыл сәуірдің 24-і күні үкіметтің жер реформасына қарсы өткен жаппай наразылық шеруінен кейін көп ұзамай тұтқындалған.
Кейіннен ҰҚК жер реформасына қарсы митингілерді шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов "қаржыландырды" деп мәлімдеді. Қазанның 12-сі күні басталған Атыраудағы сот процесінде "билікті күшпен басып алмақ болды" деп айыпталып, қамауда отырған бизнесмен Төлешов "Талғат Аянға ақша беріп жібергенін" баяндады.