Accessibility links

Еңлік Сыдықованың адвокаты қысым жасалып жатқанын мәлімдеді


Гүлнәр Жуаспаева, адвокат.
Гүлнәр Жуаспаева, адвокат.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын "сексуалдық бопсалады" деп айыптаған Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі Еңлік Сыдықованың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева бүгін өзіне қысым жасалып жатқаны туралы мәлімдеді. Алматыда өткен баспасөз конференциясында Жуаспаева өзіне жасалып жатқан қысымды Еңлік Сыдықованың мүддесін қорғап жүруімен байланыстырады. Арыстанбек Мұхамедиұлы бұған дейін Сыдықованы оның таққан айыптарын терістеуді талап етіп сотқа берген болатын. Сот шағымды процессуалдық кемшіліктеріі бар деп кері қайтарып жіберген.

Жуаспаеваның айтуына қарағанда, ол адвокаттар алқасының көшірмесін алған. Онда Жуаспаеваның "адвокаттық этиканы бұзғаны", "әлеуметтік желілердегі жазбаларында өзін дұрыс ұстамайтыны" айтылған. Адвокаттың айтуына қарағанда, бүгін адвокаттар алқасы президиумының шұғыл жиналысы өтпек. Ол бұл жиында өзінің ісін қарау жоспарланып отыр дейді.

Қазанның басында интернетте өзін академияда 2011-2015 жылдары оқыдым деген актриса Еңлік Сыдықованың видеосы жарияланған. Сыдықова видеода 2011 жылы сол кезде академия ректоры болып тұрған Арыстанбек Мұхамедиұлын оқуға түсуіне көмектесу үшін "әуелі ақша сұрап, кейін жыныстық бопсалады" деп айыптайды. Мұхамедиұлы әуелде өзіне қатысты мәлімдемелер жайлы қандай да бір комментарий беруден бас тартқан. Кейін ол Азаттыққа берген сұхбатында айыпты "дәлелсіз" деп, терістеген.

Еңлік Сыдықова Азаттыққа министрдің сөзіне қатысты комментарий беруге уәде берген. Бірақ кейін телефон қоңыраулары мен хабарламаларға жауап бермеді.

XS
SM
MD
LG