Accessibility links

Анкарада Ресей елшісіне қастандық жасалды


Андрей Карлов, Түркиядағы Ресей елшісі
Андрей Карлов, Түркиядағы Ресей елшісі

Түркиядағы Ресей елшісі Андрей Карловқа 19 желтоқсан күні Анкара қаласында қастандық жасалды. Түркиялық NTV телеарнасының хабарлауынша, көркемсурет галереясы ішінде әлдекім Карловқа оқ атқан.

Hurriyet газетінің ағылшынша вебсайтының жазуынша, елші Андрей Карлов галереяда өткен мәдени шарада сөз сөйлеп тұрғанда оқ тиіп жараланған. Қастандықтан соң ғимаратты Түркияның арнайы жасағы қоршап алған. NTV елшіден бөлек тағы үш адам жараланды деген мәлімет таратты.

CNN Turk телеарнасы ғимараттағы атыстың жалғасып жатқанын хабарлады. Қастандық жасаушының кім екені белгісіз, жергілікті БАҚ күдікті ретінде тапанша ұстаған, қара түсті костюм-шалбар киген ер адамның суретін көрсетіп жатыр.

Ресей мен Түркия - Сириядағы азаматтық соғысқа араласқан елдер. Бес жарым жылдан астам уақытқа созылған соғыс кезінде Ресей Сирияның автократ президенті Башар Асадты қолдап, былтыр оппозициялық көтерілісшілерге қарсы әскер кіргізді. Түркітілдес аз санды этностардың қауіпсіздігін сақтау деген желеумен Түркия да Сирияға әскер кіргізіп, шекараның екі бетіндегі күрд жасақтарына қарсы операция жүргізіп жатыр. Елден екі миллион сириялық босып кетті.

XS
SM
MD
LG