World Street Journal газетінің ақпаратына қарағанда, Швейцария прокурорлары Өзбекстанның бұрынғы президенті, өткен жылы күзде қайтыс болған Ислам аримовтың үлкен қызы Гүлнәра Каримованы коррупция қылмысына қатысты тергеді. Басылымның Каримованың тергеуге қатысқан адвокатына сілтеме жасап жазуынша, кездесу Ташкентте өткен, ал Каримованың өзі үйқамақта болған.
Өзбекстан билігінің Каримованы қорғауға тағайындаған швейцарлық адвокаты Грегуар Манжеа прокурорлардың онымен өткен жылдың 9 және 10 желтоқсанда екі рет кездескен. Тергеудің жалпы ұзақтығы 23 сағатқа созылған. Адвокат Каримованың "аман-сау, бірақ қауіпсіздігіне кепілдік берілмегенін" де айтқан. Адвокаттың сөзінше, Каримоваға "сыртқы әлеммен, оның ішінде балаларымен байланыс жасауға тыйым салынған". Швейцарияның Берн қаласының прокуратура өкілдері басылымға қызметкерлерінің Өзбекстанға барғанын растаған.
Гүлнәра Каримова 2014 жылдан бері көпшілік алдына шықпай кеткен. Ол әкесінің жаназасында да көрінбеген. Каримованың Өзбекстанның жоғары шенді бірқатарының атына сын айтқан соң ұсталып, үйқамаққа отырғызылғаны хабарланған. 2014 жылы Швейцария билігі оған қарсы қаржы жымқырды және коррупциялық қылмыс жасады деген күдікпен іс қозғағанын мәлімдеген.
Каримованың Өзбекстанда келісімшарт жасасу үшін пара берді деп айыпталған бірқатар шетелдік компаниялармен байланысы бар делінеді. Швейцария билігі тергеу аясында оның 650 миллион еуро қаржысы бар есепшотын қаржының қайдан келгенін анықтау үшін бұғаттаған. Wall Street Journal-дың хабарлауынша, тергеу туралы хабар - өзбек билігі Каримованы ұстағаннан бері ол туралы расталған алғашқы ақпарат болып отыр.