Бүгін Шымкенттегі Отырар кітапханасында "Демократия институттарын дамыту орталығы" қоғамдық бірлестігі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қоғамдағы еңбегі үшін бірнеше азаматты марапаттады деп хабарлады Азаттық тілшісі.
Қоғамдық бірлестік "Жыл адамы" атағымен сегіз номинация бойынша 12 адамды марапаттады. Олардың ішінде 2016 жылы жер дауы бойынша істі болып, 15 тәулікке қамалған шымкенттік белсенділер Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының үйлестірушісі Данияр Құлтаев пен Ибрахим Әлсерке де бар. Құлтаев "Әділ демократиялық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін" номинациясы бойынша, Әлсерке "Ұлт мүддесін қорғаушы" номинациясы бойынша марапатталып отыр.
"Демократия институттарын дамыту орталығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарқымбек Сейтімбекұлының айтуынша, мұндай сыйлық табыстау бірнеше жыл жоспарда болғанымен, биыл алғаш рет беріліп отыр. Марапатталғандар арасында қоғам өкілдерімен бірге жазушылар, ақындар, ұстаздар да бар.
"Әлеуметтік желілерде өз ойын бөлісіп, жер дауына байланысты пікір жазғаны үшін істі болғанын" айтқан Данияр Байтілеу бүгін Атырауда апелляциялық шағымы сотта қаралып жатқан Макс Боқаев пен Талған Аянның бостандыққа шығуын қолдайтынын жеткізді.