Маңғыстау облысында екі аптадан астам уақыт аштық жариялап келген жүздеген мұнайшыға жетекшілік еткен Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподағы лидері Әмин Елеусінов пен кәсіподақ еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев Ақтаудан Астанаға жеткізілген соң қылмыстық айыптар бойынша тұтқындалған. Қаңтардың 21-і күні Астананың Алматы аудандық соты Елеусінов пен Құшақбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық істер бойынша тергеу кезінде екеуін екі ай мерзімге тұтқындау туралы санкция берген. Бұл туралы Азаттыққа олардың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева хабарлады.
- Мен екі күн бойы олармен кездесе алмай, ордерімді тапсыра алмай жүрмін. Маңғыстау облыстық ішкі істер департменті маған олардың қайда екенін айтпады, ұсталғаны туралы хаттаманы көрсетпеді. Олар туралы ақпаратты жақындары тек қаңтардың 21-і күні ғана білді, - дейді Гүлнәр Жуаспаева. Адвокат сенбі күні Ақтаудан Астанаға ұшып кетті.
Содан бір күн бұрын Ақтауда полиция қызметкерлері Әмин Елеусіновті үйінің жанынан ұстап, күштеп көлікке салып алып кеткен.
Әмин Елеусіновті полиция ұстағанын түсірген әуесқой видеосы:
Адвокаттың айтуынша, тәуелсіз кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу), Нұрбек Құшақбаевқа 402-бап бойынша (заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруды арандату) айыптар тағылған.
Ақтаудағы ОСС компаниясы территориясындағы тәуелсіз кәсіподақ кеңсесінде қаңтардың 5-інен басталған аштық акциясына Маңғыстау облысындағы Қаламқас және Жетібай кеніштеріндегі жұмысшылар да қосылған. Наразылық акциясына қатысушылар Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеуді талап еткен. Сенбі күні сот пен полиция талабы бойынша наразылық акциясы тоқтатылды.
Oil Construction Company компаниясы Қазақстандағы ірі мұнай кәсіпорыны - «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының кеніштеріне қызмет көрсетеді.