Accessibility links

Астана Мұхтар Әблязовке жаңа айып тақты


Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.
Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.

Қазақстанның коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген жаңа айып тақты. Бюроның 2 ақпан күні таратқан ақпараты бойынша, "БТА Банктің" бұрынғы топ-менеджерлері Мұхтар Әблязов, Жақсылық Жарымбетов және басқа да адамдарға қатысты істі тергеу барысында Әблязов пен оның серіктерінің заңға қайшы іс-әрекеттеріне қосымша айғақтар табылған.

"Банктен жымқырылған қаржыны заңдастырудың жаңа схемалары ашылды. Анықталған фактілер Әблязов құрамына бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топ кіретін, Қазақстан территориясы мен шетелдерде қатар әрекет ететін қылмыстық қауымдастық құрып, басқарды деген күдікті ұлғайта түседі" делінген антикоррупциялық бюро хабарламасында.

Бюро осыған байланысты Мұхтар Әблязовті тергеуге шақыратынын, бірақ оның шетелде жасырынып жүруіне байланысты тергеуге ақпарат құралдары арқылы шақырылатынын айтады. Ұлттық бюро Әблязов 10 ақпан күні сағат 17-ге дейін Астанадағы бюро кеңсесіне тергеуге келуі қажет дейді.

Коррупцияға қарсы ұлттық бюро Әблязовті тергеуге шақырту туралы хабарлама қазақстандық ақпарат құралдарына және ол тұрып жатқан Франция мен оның туыстары тұратын Италияның ақпарат құралдарында жарияланатынын айтады.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязов 9 желтоқсанда бостандыққа шыққан. Сол күні Франция мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы үкімнің күшін жойғаны туралы шешімін жариялаған. Мемлекеттік кеңес бұл шешімді БҰҰ-ның азаптау істерін тексеру жөніндегі арнайы уәкілі Нильс Мельцер Франция билігін қамауда отырған Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадицияламауға шақырғаннан кейін қабылдаған. Мельцер мәлімдемесінде: «Франция қандай да бір адамды азаптауға ұшырау мүмкіндігі жоғары елге беріп жібермеуі тиіс» деген.

Мұхтар Әблязов Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық туралы айыптауы негізінде қамауда отырды. Ресей мен Украина Франциядан оны қайтаруды сұраған. Қазақстан Франциямен экстрадиция туралы келісім жасаспаған. Ресей бас прокуратурасы Әблязовті экстрадицияламау туралы шешімге "негізсіз, халықаралық құқық нормаларына сай емес және бұған дейінгі француз сотының шешіміне қайшы" деп наразылығын білдірген.

Мұхтар Әблязовтің серігі, Қазақстан билігі Түркиядан алдырды делінген Жақсылық Жарымбетов 30 қаңтарда өзінің Мұхтар Әблязовтің" қылмысына қатысы барын" жоққа шығарып, тергеуге болысатынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG