Алматының Медеу аудандық соты қылмыстық айыптау бойынша тергеліп жатқан оппозициялық "Саяси қалам. Трибуна" газеті бас редакторы міндетін атқарушы Жанболат Мамайды екі айға тұтқындау туралы шешім шығарды. Мамайды ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері қазір шетелде қуғында жүрген опозициялық саясаткер, "БТА банк" директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовтің ісіне қатысы бар деген күдікпен ұстаған. Тергеу органы 28 жастағы Жанболат Мамайды "БТА банктен" ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Саяси қалам. Трибуна" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.
Сенбі күні сот бұлтартпау шарасын қолданар кезде Жанболат Мамай мен оның адвокаты Жанар Балғабаева күдіктінің кәмелетке толмаған қызы барын, отбасында қарт ата-анасының жалғыз баласы екендігін және оны танитындар тек жақсы жағынан сипаттағанын ескеріп, Мамайды тұтқындамауды сұраған. Бұған қоса адвокат Балғабаева тергеу орындары Мамайға қатысты қылмыстық кодекстің 193-бабы ережелерін дұрыс қолданбай, оның мойнына "ауыр қылмыс" айыбын артпақшы деп санайтынын мәлімдеген. Адвокаттың пікірінше, Мамай ауырлығы орта дәрежелі ауыр қылмыс түріне күдікті саналады, ал заңда ондай адамға бұлтарпау амалы ретінде тұтқындау шарасын қолдану қарастырылмаған.
Сот барысында сөйлеген журналистер Рысбек Сәрсенбай, Гүлжан Ерғалиева және құқық қорғаушы Андрей Свиридов, азаматтық белсенділер Рамазан Есіргепов және Маржан Аспандиярова Жанболат Мамайды жақсы жағынан сипаттап, оған кепілгер болатындарын айтқан. Олар егер сот тергеудегі күдіктіге тұтқындаудан өзге бұлтартпау шарасын қолданып, Мамай оның шартын бұзатын болса, олар тиісті жауапкершілікті көтеруге, соның ішінде материалдық (айыппұл) міндеттеме алуға дайын екендерін мәлімдеген.
Мамайға бұлтартпау шарасын белгілеген сот отырысы төрт сағатқа жалғасты. Жанболат Мамайдың жақтастарына әуелгіде сотқа қатысуға рұқсат берген судья Анина Байдәулетова кейін "сот залынан тікелей репортаж жасады" деп олардың сотқа қатысуына тыйым салды. Сот қаулысын жариялаған кезде Жанболат Мамайдың әкесі Мамай Бекқожиев пен адвокат Жанар Балғабаеваның қатысуына ғана рұқсат етті.
Азаттық тілшісі телефон арқылы сөйлескен адвокат Жанар Балғабаева сот қаулысына қарсы апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
Бұған дейін сенбі күні жақтастары жария еткен Жанболат Мамайдың хатында ол тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл істі өзінің журналистік қызметі мен "Саяси қалам. Трибуна" газетін жабуға бағытталған саяси астары бар әрекеті деп санайтынын мәлімдеген. Мұхтар Әблязов те Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Жанболат Мамайға қатысты тергеуді саяси астары бар іс деп атаған.